Әрбір жәдігер тарихтан сыр шертеді

Шымкент қаласы соңғы жылдары саяхаттаудың жаңа бағытына айналды десе болады. Шаһардағы “Шым қала” тарихи-мәдени кешені көпшілікті қызықтыратын бірден-бір орын болып табылады. Бұл таңғажайып жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің басқа елдерінен қонақтар арнайы жол тартып келуде.


«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің аумағындағы бекініс орта ғасырларда қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды қызмет атқарған. Оның аумағында азық-түлік, қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын қоймалар орналасқан. Сондай-ақ, мұнда соғыста жараланған жауынгерлерді емдейтін орын да жасақталған. Ең бастысы бекініс аумағынан қалашықтың сыртына шығып кететін бірнеше жасырын жолдар да бар. Экспозицияға Ресей қолбасшысы Черняевтың Қоқан хандығына қарсы соғысқан кезеңдеріндегі бірқатар жәдігерлер қойылып отыр. Мұнда келушілер әскербасылардың жұмыс үстелі, зеңбірек, түрлі қару-жарақтар мен тұрмыста қолданылған заттарды тамашалай алады. Төл тарихымызды білуге құмартқан Шымкент қалалық зообақ ұжымы “Шым қала” тарихи-мәдени кешеніне экскурсия жасады. Бос уақыттарын тиімді пайдалана білген бастауыш кәсіподақ мүшелері өңірдің көне тарихынан сыр шертетін ортағасырлық кешенге жасаған саяхаттарында тарихи деректер мен естеліктерге қанығып, керемет әсер алып қайтты. Осындай игі шаралар еңбек адамының туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні сөзсіз.