«Парктер шеруі-2022» табиғатты қорғау акциясы бастау алды

Түркістан облыстық «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен «Парктер шеруі-2022» республикалық табиғатты қорғау акциясының ашылу салтанаты өтті. Бұл акцияның мақсаты – жергілікті тұрғындар мен жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік билігі бар органдардың алдында табиғатты қорғауға көңіл аударатындай мәселелер көтеріп, қажетті ақпараттар легімен таныстыру. Игі шара «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ашылғаннан бері 16-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы табиғатты қорғау акциясы Шымкент қаласындағы Наурыз паркінде «Мәңгі жаса, Жер ана» тақырыбында атап өтілді.

Аталмыш шеруге «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, табиғатты қорғау мекемелері мен облыстық экологиялық орталықтың басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі құттықтау сөзімен бастап, әрі қарай мерекеге орай қызметтік міндеттерін абыройлы атқарған және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, адал еңбегімен көзге түскен мекеменің кәсіподақ мүшелерін медальмен, алғыс хатпен және құрмет грамоталарымен марапаттады. Орман, табиғат және жануарлар әлемін қорғау саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қадыр Дәурен «Үздік қызметкер» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, Алхыс хат Ыбрақымов Бекжігітке, Құрмет грамоталары – Батырбаев Бекберген, Танирбергенов Тлеукабыл, Кырыкбаев Азизге табысталды.

Акция ары қарай концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Жылдан жылға “Парктер шеруі” акциясы жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті халық пен жастардың тарапынан қолдауға ие болып жатыр. Бұл ретте, жер бетінен жойылуға шақ тұрған өсімдіктер мен жан-жануарларды қорғау – әр адамның міндеті болып табылады. Алдағы уақытта Парктер шеруі еліміздің барлық аймақтарында жалғасын табады.

Айта кетерлігі, бүгінде «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 109 еңбеккерлер жұмыс атқарады. Олардың барлығы – 100% кәсіподақ мүшелері. Басшысы Қанат Пилалов, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгерім Жанконсова.