Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана» ұжымымен кездесу өтті. Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Ақжігітов, салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Руслан Шерімов және бастауыш кәсіподақ ұйымның мүшелері қатысты.
Руслан Ақжігітов кітапхана ұжымымен кездесу барысында кәсіподақ мүшелерінен жалақы мөлшері, еңбек жағдайлары туралы сұрап, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер және адал еңбекті бағалап, лайықты еңбек ақымен қамтамасыз етуге қатысты болды. Сонымен бірге, еркін пікір алысу кезінде еңбек адамдарының арыз-шағымдарына да, өтініш-тілектеріне де дер кезінде назар аудару, уақтылы шешуіне ықпал етуде және жұмысшылардың мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтың рөлі жөнінде сөз болды.
Ал бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымының айтуынша, мекеме қызметкерлерінің барлығы кәсіподақ мүшелері. Ұйым тек еңбек заңнамасының сақталуы мен еңбекті қорғауға қоғамдық бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, қызметкерлердің кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасап отыр. Кәсіподақ ұйымының белсенділері жыл сайын әртүрлі іс-шараларға, білім беру семинарларына, тренингтерге, қоғамдық-саяси маңызы бар жобаларға да қатысады. Бұл кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыруға көмектеседі. Жыл қорытындысы бойынша кәсіподақ төрайымы ұжым алдында екі жақты келісімнің орындалуы туралы есеп беріп отырады.
Басқосу соңында көне дүние тарихына қызығушылықпен кәсіподақ активі рухани шаңырақ ғылыми-әмбебап кітапханасындағы музейді тамашалап, Әл-Фараби бабаның кең мұрасымен танысып, өз өмірін ілімге арнаған ұлы ұстаз жайлы деректерден қанық болды.