ҚР КФ жаңа оқыту жобасы: Маңғыстаулық әлеуметтік әріптестер ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оны шешу жолдарын үйренуде

ҚР  Кәсіподақ федерациясының сарапшылары 6 сәуірде Маңғыстау облысының жұмыс берушілері мен жұмыскерлер өкілдеріне ұжымдық еңбек дауларын тиімді ескерту және шешу мәселелеріне қатысты жаңа жобаны қолға алып, семинар-тренинг өткізді. Оқу шарасын Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырып, оның жұмысына өңірдегі әлеуметтік әріптестер тараптары – облыс әкімдігі және жұмысберушілер бірлестігі атсалысты.

Екі күнге созылатын семинар тренинг облыс орталығы – Ақтау қаласында басталды, 7 сәуірде Жаңаөзен қаласында жалғасады.

Еске сала кетсек, ҚР  Кәсіподақ федерациясының төрағасы С.Дәулеталиннің  14-15 наурызда Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өткізілген кездесулерде облыс әкімі және облыстың жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің ұсыныстары бойынша семинар-тренинг өткізу келісілген болатын.

Ақтауда өткен семинар-тренингті Маңғыстау облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы сөз сөйлеп, ашты.

Бір күндік семинар тренинг ҚР Кәсіподақ федерациясының еңбек қатынастары бойынша сарапшысы Ләззат Есжанова «Кәсіподақ қозғалысының тартымдылығы және құқықтық негіздері туралы» тақырыбындағы лекциясымен басталды.

Күннің екінші бөлігінде бизнес-тренер, менеджмент, психология және ұйымдастырушылық тиімділік саласының сарапшысы – Ерлан Мұстафин тренингімен жалғасты.

Семинарға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС, «Қазтрансойл» АҚ, «МАЭК Қазатомөндіріс», «Технотрейдинг ЖШС», «Маңғыстау ЭБК» АҚ, «СП «Арман» ЖШС, «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС, «ОйлСервисКомпани» ЖШС және т.б. мекемелердің басшылары және кәсіподақ өкілдері қатысты.

Семинар сұрақ-жауап форматында өткізілді. Қатысушылар семинар барысында өздерін толғандырған көкейтесті сұрақтарын қойып, сарапшылар сұрақтарға толыққанды жауап беріп, өз тәжірибесінде кездескен жағдайларды мысал ретінде келтіріп, туындауы мүмкін ықтимал дауларды шешу жолдарымен бөлісті .

Семинар-тренингте қатысушылар еңбек дауларында келіссөз жүргізуде консенсуальды келісімдерге қол жеткізе білу және құзыреттерді қалыптастыру; дауларды балама жолмен шешу, салыстырмалы талдау жүргізу; мәмілеге келу үдерістерін қолдану туралы шешім қабылдау талаптары мен алгоритмдері, үдерістерге дайындалу, қатысу (сүйемелдеу) барысын үйренді.

Сондай-ақ дәрістерде келісім комиссиясын құру, келіссөз жүргізу техникасын меңгеру, келіссөз жүргізу стильдері ескерілген.

Семинар тыңдаушысы «CASPI BITUM» БК» ЖШС кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Рақымжан Жұпбанов жергілікті кәсіподақ белсенділерінің семинар ұйымдастыру жөніндегі ұсынысы бойынша көмек бергені үшін ҚР КФ төрағасына алғысын айтты.

«Екі жыл пандемия кезінде семинарлар онлайн режимдерде өтті. Алайда оффлайн режимде, аудиторияда өткізлетін тренингтерді жаңғырту туралы ұсынысты көтерген едік. Бізге біліктілікті ұдайы жаңартып отыру керек. Семинар деңгейі жоғары өтті. Онда кәсіподақтың көмегімен жұмысберушімен бейбіт келісімге келудегі тәжірибемді бөлістім», – деді Рақымжан Жұпбанов.

Семинар-тренингке қатысқан жұмыс берушілер өкілдері мен кәсіподақ белсенділері дәріс оқыған сарапшыларға алғыс білдірді.

Айта кетерлігі, әлеуметтік әріптестер тараптары – кәсіподақ өкілдері ғана емес жұмысберушілер өкілдері және жергілікті атқарушы билік тарапын қамтитын жаңа оқу жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады. Бұған дейінгі ҚР КФ ұйымдастыратын семинар, тренингілерде тек кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру ғана жүргізіліп келген еді.

Еске сала кетсек, 2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтың оқыту саласындағы деңгейді көтеруге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады.

Кәсіподақ оқыту бағыттарының ауқымын кеңейту үшін қәсіподақ қызметкерлері мен белсенділерінің түрлі санатына арналған оқу бағдарламасының тереңдетілген курстары әзірленді. Кәсіподақтар федерациясының және оған мүше ұйымдардың тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған дәріскерлер пулы қалыптастырылды. Былтыр 619 оқу семинары өткізілді, оған 38 044 кәсіподақ мүшесі қатысты. Кәсіподақтың білім марафоны барасында 89 оқу семинары ұйымдастырылып, еліміздегі 17 өңірде 18 салалық кәсіподақ ұйымы қамтылды, оған 10 250 кәсіподақ қозғалысының өкілі қатысты.

Сонымен қатар, биыл сәуір айында ҚР Кәсіподақтар федерациясы тағы да бір жаңа білім жобасын іске қосады, ол Кәсіподақ көшбасшысының мектебі.