Қызылордада әлеуметтік әріптестік аясында кездесу өтті

Қызылордаға жұмыс сапарымен келген ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары – Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев әлеуметтік әріптестік аясында Қызылорда облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Балжан Шәменовамен кездесті.

Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды Әлеуметтік әріптестік жылы деп жариялағандығы және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіруде әріптестікті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, мұнай саласы қызметкерлерінің еңбек қатынастары мәселелері туралы сөз қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің қызметі мен әлеуметтік әріптестік шеңберіндегі үш жақты комиссиясының құзыреті туралы ой-пікірлерімен бөлісті.