Кәсіподақ мүшелеріне еңбек заңнамасының нормалары түсіндірілді

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің кәсіподақ мүшелерімен кездесу өтті.


Кездесуге «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары А.Бахтыбаев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы К.Есебаева және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиында А.Бахтыбаев қатысушыларға кездесу Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясында белгіленген міндеттерді орындау аясында бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен тікелей «кері байланыс» орнату мақсатында өткізіліп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, ҚР заңнамаларында болып жатқан өзгерістермен таныстырып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі және еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу кәсіподақтардың негізгі жұмысы екендігі туралы айтты.

Кездесу соңында қызметкерлер кәсіподақтың жұмысы және еңбек қатынастарына қатысты көптеген сұрақтар қойып, оған толыққанды жауаптарын алды.

Айта кетерлігі, бүгінде ұжымда жалпы 67 қызметкер жұмыс атқарады. Барлығы кәсіподақ мүшелігінің құрамында. Кәсіподақ төрайымы – Айжан Өтелбаева.