Баланы – жастан…

10 маусым – Қазақстан кәсіподақтары күніне арналған мерекелік шаралар аясы балалар мерекесімен жалғасты.

«Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Менің сүйікті ертегім» атты сурет салудан байқау өтті.

Байқауға теміршолшылар балалары қатысып, 40-тан аса жұмыс бағалауға ұсынылды. Балалар суреттерін Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, суретші-мүсінші Аманкелді Кененбаев бастаған әділ қазылар бағалап, жүлдегерлерді анықтады.

Байқаудың қорытындысымен жүлдегерлер мен барлық қатысушы балаларды Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының төраға міндетін атқарушы Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов және салалық кәсіподақ төрағасы Жүсіпов Өмірбек Жүнісұлы марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Еңбек ұжымының корпоративті рухын көтеріп, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін арттыруға бағытталған шарада теміржолшылар балаларына жанкүйер болып, байқаудан соң көңілді ән-бимен өрнектелген балаларға арналған тәттілер мерекесіне қатысты.