Кітапхана – ғылым мен білімнің, даналық пен дархандылықтың киелі кеніші десек, кітапханашылар – осы қасиетті қара шаңырақтың шын жанашырлары. Бүгін төрайым Гульнар Ильясова мен Сәтбаев қаласы Білім бөлімі бастамасымен “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында өткен “Шығармашыл кітапханашы – 2022” қалалық байқауы өз мәресіне жетті.
«Мектеп кітапханасы – балалардың білім алуындағы қарым-қатынасы, бос уақытындағы шығармашылық зертхана» тақырыбында эссе жазған білім шырақшылары балаларды жазғы демалыс кезінде кітап оқуға тартудың авторлық әзірлемесін дайындаудан да сынға түсті. Қалалық байқауға барлығы 10 мектеп кітапханашысы қатысуға ниет танытты. Айта өту керек, кітапханашылардың бәйгесі байқаудан бұрын тиімді тәжірибе алмасу алаңын еске салды. Неге десеңіздер, бүгінде білімі мен білігі жоғары, тәжірибесі толысқан майталмандардың жұмысынан жас мамандар тәлім алды.
Қалалық конкурстың қорытындысы бойынша №14 жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы Гулшара Рахимжанова І дәрежелі дипломмен, №9 жалпы білім беретін мектептің намысын қорғаған Ұлмекен Дүйсенбек ІІ дәрежелі дипломмен, №1 мектеп-гимназияның кітапханашылары Шынар Тәңірбергенова мен Ақнұр Алпанның жұмысы ІІІ дәрежелі дипломмен еленді.
Марапат төрінен табылған жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсеткен кеншілер қаласының бас педагогі Берік Базылбекұлы мен кәсіподақ көшбасшысы Гүлнәр Жұмабекқызы облыстық байқауға жолдама алған әріптестеріне сәттілік тілеп, тақымдарын қысатындарын жеткізді.