Күн шуақты Шымкент шаһары – мейірімді, еңбекқор әрі талантты адамдарға бай. Осындай жандардың бірі бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры, әлеуметтік әріптес – Гүлназ Әбілдаева. Ол әрқашан еңбек ұжымымен жақсы қарым-қатынаста болып, өзінің белсенді өмірлік ұстанымымен, мақсатына жетуге деген ұмтылысымен ерекшеленеді.
Мектепте қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өте көп. Жаңа технологияны жіті пайдаланып отырған білім ошағының оқушылары тек оқу процесінде ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытады.
Дәл осы ұжымда өз өңірінде білім беру жүйесін дамытуға зор үлес қосқан педагогика ғылымдарының кандидаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» мəртебелі атағын алған, «Қызыл Жұлдыз» марапаты мен «Отан» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Алина Соловьёва да қызмет атқарады. Ол бірнеше жылдан бері кәсіподақ ұйымының төрайымы болып кәсіподақ қозғалысына өз үлесін қосуда. Кәсіподақ жұмысы көп еңбекті және күнделікті назарды талап етеді. Негізгі міндеті – мектеп қызметкерлерінің мүдделері мен әлеуметтік құқықтарын қорғау. Бүгінде оң нәтижесі бар ұжымдық шартта қарастырылған барлық жеңілдіктер мен кепілдіктер, материалдық қолдау, мұғалімдерді сауықтыру және демалысты ұйымдастыру мәселелері шешілуде. Кәсіподақ мүшелері көркемөнерпаздар шығармашылығының дәстүрлі фестиваліне, білім беру қызметкерлерінің спартакиадасына белсенді қатысады. Барлық іс-шаралардың ұйымдастырушы – кәсіподақ комитеті.
Мектепте ұжымның 100% кәсіподақ мүшесі. Кез келген мәселелер ұжымдық келіссөздер барысында шешіледі. Бұл дегеніміз – әлеуметтік әріптестік тараптарының орындалып отырғандығының белгісі.