Кәсіподақ мүшелерінің қатарын көбейту бойынша жұмыстар жүруде

Қызылорда облысында «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы жаңа бастауыш ұйыммен толығып, кәсіподақ мүшелерінің саны артуы мақсатында кездесулер өткізуде.

Қырықтан аса қызметкер жұмыс жасайтын «Ақсәуле Мед» клиникасының еңбек ұжымымен кездесуде салалық кәсіподақтың облыстық филиалы төрағасы Асылхан Аблайханұлы кәсіподақтар жүйесі туралы түсіндірмелер жүргізіп, әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақ мүшелерінің мүдделерінің ілгерілетілуі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, облыстық салалық кәсіподақ төрағасы филиалмен атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы әңгімеледі. Еңбек ұжымы салалық кәсіподақтың жұмысына қызығушылық танытып, әлеуметтік-еңбек қатынастары жайында сауалдар қойып, пікір алмасты.