Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан Ойыл ауданының оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтсақ, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ильнар Сабыржанов білім бәйгесінен 2 орын иеленді. Оны олимпиадаға дайындаған ұстазы – Нұрсауле Жұмабекова.
Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылары Ерасыл Жәнібекұлы мен Бибарыс Мекеев биология пәнінен жүлделі 3 орын алды. Пән мұғалімі Сағыныш Дабылованың екі бірдей шәкірті биіктен көрініп, білім ордасының мерейін өсірді.
Сондай-ақ, Соркөл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Назерке Дүйсенова, Құрман орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әсем Сисенова және Сапақкөл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аманжан Бекнұр олимпиадада жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне оқушылар дайындап, олардың ынталануына мүмкіндік жасап, шығармашылық қабілетін шыңдап, сонымен бірге, білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін осы аталған оқушылардың жетекшілері марапатқа ие болды. Ұстаздарға аудандық білім бөлімінің алғыс хаты мен кәсіподақ ұйымы тарапынан шипажайға жолдама табысталды.