Ұстаз – ұлағатты ұғым. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай ұстаздардың бірі – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Қайруллина Ләйла Жолмұханқызы. Ардақты ұстаз Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің физика пәні мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Педагог-зерттеуші. Ғұмырының 37 жылын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаз «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің және «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Ләйла Қайруллина Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепті аяқтаған соң 1980 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1984 жылы ойдағыдай аяқтап, туған жеріне оралып, аудан мектептерінде еңбек жолын бастады, кейін алтын ұя мектебіне оралып, күні бүгінге дейін отыз жылдан астам Қарауылкелді орта мектебінде еңбек етіп келеді.
Ләйла Жолмұханқызы өзінің ізденімпаздығымен аянбай еңбек етіп, нақты істен нәтижеге жетіп жүрген тәжірибелі, өнегелі ұстаз. М.Әуезов айтқандай: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім…». Ұстаздың сол еңбегінің нәтижелері республикалық, облыстық басылымдарда жарияланды. Аудандық, облыстық, республикалық семинар, конференцияларға қатысып, шығармашылық пен ізденімпаздық танытқаны үшін облыстық білім басқармасының бірнеше мәрте алғыс хаттарымен және 2014 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2015 жылы Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Математика, физика және информатика сабақтарындағы интерактивті презентациялардың «Калейдоскоп» облыстық байқауында Бас жүлдеге ие болды.