2022 жылдың 28 сәуір күні Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай конференция өткізілді.
Халықаралық еңбек ұйымының (International Labour Organization, ILO) бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бұл ақпараттық-түсіндіру кампаниясы еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың артуына қоғам назарын аударуға арналады. Алғаш рет бұл күн 2003 жылдан бастап аталып өтетін болды.
Іс-шараға облыстық басқарма басшылары, кәсіподақ өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпорын басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Конференцияны басқарма басшысы Е.Есіркепов ашып, облыс аумағындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Б.Қараулов «Кәсіптік одақ пен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынас» тақырыбында баяндама жасады.
Одан бөлек, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің салааралық қадағалау бөлімінің бас маманы Н.Заңғар, «АК «Алтыналмас» АҚ проект Ақбақай еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы С.Ажикулов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Д.Ділдәбек және басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторы Ә.Ажиров баяндамаларын жасады.
Сонымен қатар, қатысушылармен бірге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, бірнеше сұрақтарға жауаптар берілді.