Кеңес Одағы ыдырап, еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ел дамуының жаңа парақтары ашылды. Осыған сәйкес мемлекеттік саяси және экономикалық басқаруда өзгерістер болды. Мемлекеттік кәсіпорындар таратылып, орта және кіші кәсіпкерлік саласы дамыды. Мекемелер мен кәсіпорындардың құжаттары жоғалып кетпес үшін мемлекет азаматтардың әлеуметтік құқығын қорғау мақсатында «Шымкент қаласының архиві» мекемесін құрды. Мекеме өз қызметін 1992 жылдың 1 қарашасынан бастады. 1998 жылдың шілде айында мекеме басшысы қызметіне Айпар Шажалықызы Амангелдиева тағайындалды. Талай сындарлы уақыттарда өзінің біліктілігі мен іскерлігінің арқасында оңтайлы жол тауып тығырықтан шықты.
Архивтің әрбір құжатында Айпар Шажалықызының қолтаңбасы бар. Мекемелердің ескірген құжаттарын өзі табандап жүріп жинады. Тәуелсіздік алып, «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен кезеңде әрбір мекеменің құжатын құнды қағазға айналдырды. Тер төкті, осы жолда аз күреспеді. Қазір архив дегенде Айпардың есімі қосыла айтылады.
Айпар Шажалықызы 1964 жылдың 14 қыркүйегінде қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Георгиевка ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз білім ошағын аяқтаған соң, 1981 жылы Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтына түсіп, 1986 жылы филология факультетін «орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.
1986-1998 жылдары Шымкент қаласында және Ордабасы аудандық халыққа білім беру бөліміне қарасты мекемелерде қызмет атқарды.
1998 жылы шілде айынан бастап Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қаласының архиві» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалып, қазіргі таңға дейін басшылық қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» өз алдына ғимараты болмай құжаттармен көшіп-қона жүріп, жалға алынған, ыңғайластырылған ғимараттарда құжаттарды аса ауыр жағдайларда сақтай отырып, көптеген қиын кезеңді бастан кешірді. Ғимарат үшінде Айпар Шажалықызы талаймен күресті. Шынашақтай қазақ әйелінің үні сонау министрлікке дейін жетті. Табандылығы мен қайсарлығының арқасында 2015 жылы мұрағат тарихта алғаш рет баспанаға қол жеткізді. Күреске толы сол күндерді Айпар Шажалықызы былай еске алады:
– Құжаттарды жинауға жағдайы бар мекеме қажет болды. Әр құжатты есепке алып, оны тіркеп, көзіңнің қарашығындай сақтау біздің ұжымның басты міндеті болды. Көшіп-қонып, ыңғайластырып шаршадық. Ондай жағдайда мен ешбір құжатты ұзақ ұстап отыра алмайтынымды түсіндім. Жан-жаққа хат жаздым, облыс басшыларының алдында бір емес, бірнеше рет болдым. Өзіме баспана сұрағандай жыларман болған күндерім де болды. Алған бетімнен қайтпадым. Он жылым баспана үшін күреспен өтті. Министрлікке хат жолдадым. Құдайдың қарасқаны болды-ау. «Ғимарат салынсын!» деген бұйрық берілді облысқа. Ол кезде облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов еді. Ол кісі өзі тікелей бақылауына алып, ғимарат салуды бастадық. Күрес мұнымен біткен жоқ. Жер теліміне талас басталды. Жеке кәсіпкермен алысуыма тура келді. Одан ғимаратты салған мердігер компанияның шала-жансар тірлігі шықты. «Ғимаратты қабылдап алмаймын», – деп табандап тұрдым. Ақыры өз дегеніме жеттім. Кем-кетіктің бәрін қайта жасаттым.
Осылай республика көлемінде алғашқылардың бірі болып, Шымкенттегі «Нұрсәт» мөлтек ауданынан мемлекеттік архивке арналған арнайы заманауи 7 қабатты жаңа ғимарат бой көтерді. Мемлекетіміз бен қоғамымыздың ажырамас бөлігі аса құнды қазынасы болып табылатын құжаттарымызды жаңа ғимаратқа көшіру барысында олардың бүлінбей, жоғалмай, талапқа сай қоймаларға жайғастыру жұмыстарын қатаң бақылап, іске асырды.
Қызметкерлердің жұмыс жасауына барлық жағдай жасалды. Салынған жаңа ғимаратқа көшкен соң, жұмыс ауқымы мен сақтау бірлігінің көбеюіне байланысты және ғимаратты талапқа сай қалыпты ұстау үшін қосымша штат бірліктерінің қажеттілігі туындап, басшы Айпар Амангелдиева Оңтүстік Қазақстан Экономика және жоспарлау департаментінде 15,5 штат бірлігін бөлу үшін нормативтік құқықтық актілерден іздене жүріп, әрбір штат бірлігінің қажеттілігін дәлелдеуінің нәтижесінде қосымша 15,5 штат бірлігінің бөлінуіне қол жеткізді.
Сонымен қатар мекеме басшысы Айпар Шажалықызы ОҚО (бұрынғы) әкімдігі жанындағы сараптау-тексеру комиссиясының эксперті бола отырып, қала көлемінде орналасқан мекемелерден түскен құжаттардың ғылыми-техникалық сараптаудан өтуіне, мәдени, саяси, ғылыми, тарихи, әлеуметтік, экономикалық маңызы бар құжаттардың мемлекеттік есебінің жүргізілуіне аса ыждағаттық танытып келеді.
Айпар Амангелдиеваның бастамасымен «Іс жүргізу және архив ісі» бойынша денсаулық сақтау, білім, спорт және әлеуметтік салаларына қарасты мекемелер арасында байқау, конкурстар ұйымдастырылды.
Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздері туралы деректер каталогын электронды форматқа көшіру мақсатында мемлекеттік сақтауға түскен құжаттар бойынша «Құжаттардың бірыңғай электронды мұрағаты» ақпараттық жүйесі жасалды.
Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын насихаттау бойынша мекеме басшысы Айпар Амангелдиеваның бастамасымен архивте сақтаулы құжаттар негізінде ғалымдар, тарихшылар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, студенттер, оқушылар, кітапханашы, музейшілермен арнайы іс-шаралар өткізілді.
Айпар Шажалықызының жеке идеясы бойынша облыс көлемінде алғаш рет студенттер мен оқушылардың арасында архив қойнауында жатқан тарихи құжаттарды зерттеп, жарыққа шығару үшін «Архив – тарих қазынасы», «Архив және қоғам» атты байқау ұйымдастырылды.
Айпар Шажалқызының күреске толы еңбегі де елеусіз қалмады. Көптеген Алғыс хат, Грамотамен марапатталған. 2010 жылдың облыс бойынша «Үздік мұрағатшысы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек озаты», «Елеулі еңбегі үшін», «Үздік қызметкер», «Кәсіподақ қайраткері» және «Архив саласының үздігі» медальдарының иегері.
Бұндай марапаттардың артында үлкен қажырлы, күреске толы еңбек жатыр.
Отбасы мен қызметін қатар алып келе жатқан кейіпкеріміз бір ұл тәрбиелеп, бүгінде екі немеренің әжесі болып отыр.