“Қызмет” кәсіподағы өскелең ұрпақ арасында патриоттық тәрбиені дамытуға көңіл бөледі

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде “Қызмет” салалық кәсіподағының Орталық кеңесі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша “Қызмет” салалық кәсіподақ филиалының Атқарушы комитетімен бірлесіп ҚР Ұлттық ұланының № 5573 әскери бөліміне баруды ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта “Қызмет” салалық кәсіподағының кәсіподақ ұйымдары Президент Әкімшілігінде, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың аппараттарында (ЭМ, МСМ, Қаржымині, Еңбекмині, ЦДИАӨМ, ИИДМ, Әділетмині, АҚДМ, МҚІА, Мемлекеттік басқару Академиясы және т.б.), облыстардың, қалалар мен аудандардың барлық әкімдіктерінде, басқа да мемлекеттік мекемелер мен түрлі меншік нысанындағы ұйымдарда жұмыс істейді. «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының құрамында 92 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар.

Ашық есік күні өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының N5573 әскери бөлімі Ильинка ауылында орналасқан.

Балалар мен ересек азаматтардың назарына әскери техникалар: «УАЗ-Патриот» патрульдік автокөлігі, «Тигр», «Федерал» арнайы жауынгерлік машиналары, «Урал», БТР-80 жүктері, әртүрлі киім үлгілері және тапаншадан снайпер винтовкасына дейін атыс қарулары ұсынылды.

Шара барысында қатысушылар Ұлттық ұлан мұражайын аралады. Кинологтар мен кинологиялық қызметтің иттері де өз өнерлері мен қабілеттерін көрсетті.

“Қызмет” салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов өз сөзінде: «Әскери бөлімге бару 7 мамыр-Отан қорғаушылар күнін мерекелеуге орайластырылған және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, әскери қызметтің тартымдылығы мен жауапкершілігін және Отанға деген сүйіспеншілікті дамытуға бағытталған.

Экскурсияға кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасылары қатысып отыр. Бүгін шараға орталық мемлекеттік органдардың кәсіподақ мүшелері–Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, өнеркәсіптік сауда өкілдері қатысуда.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы салалық «Қызмет» кәсіподағының құрамына кіретін – Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Нұр-Сұлтан қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, Жұмыспен қамту орталығы, «Үміт» дағдарыс орталығы, Жанұя отбасы институтын қолдау орталығы, Қаржы басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасының және т.б. өкілдері бар.

Ұлттық ұлан адамдардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын заңсыз қол сұғушылықтан қорғайды, қоғамдық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде мақсатты жұмыс жүргізу өте маңызды»,- деп атап өтті.