Шымкентте Референдумды қолдау жөніндегі штаб мүшелері қаладағы «Авто нұр» базарының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев жиналған қауымға Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы толыққанды ақпарат беріп, халықты белсенді қатысып, мемлекеттің болашағын айқындауға бір кісідей атсалысуға шақырды.
Жиынға қатысқандар алда өтетін референдум аясында штаб мүшелерімен диалог құрып, пікір алмасты. Сауалдарына жауап тапты. Олар Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамды одан әрі демократияландырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму жолында мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыратынына сенімді. Сондықтан елді тың серпіліске бастар тарихи шешім қабылданар тұста халықтың бір адамдай қатысып, атсалысуының маңыздылығы зор екенін ұғынды.
Кезекті кездесу Шымкент қаласындағы «Алаш базар» аумағында жүргізілді. Қалалық штаб мүшелері өткізген жиынға базар қызметкерлері, саудагерлер мен тұтынушылар қатысып, олар алдағы уақытта өтетін республикалық референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстыры жөнінде толық мағлұмат алды.
Басқосуда қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Қалалық штаб мүшесі, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев әр баптың өзгерісіне жеке-жеке тоқталып, қатысушыларға Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданған жағдайда еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғыртуға болатынын айтып өтті.
Жиын соңында «Алаш базар» қызметкерлері штаб мүшелеріне өз ықылыстарын білдіріп, жалпыұлттық рефендум өткізу бастамасын қолдайтынын және Жаңа Қазақстан құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатын жеткізді.
Айта кетейік, Ата заңды өзгертуге байланысты жоспар жүзеге асса, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізіледі.