Елімізде 5 маусым күніне белгіленген республикалық референдумды кәсіподақ мүшелеріне кеңінен түсіндіруді мақсат еткен кезекті кездесу Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп» КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында өтті.
«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының» төрағасы Жандос Шайдулланың қатысуымен өткен кездесуде кәсіподақ мүшелеріне елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің өзектілігі түсіндірілді. Осы өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп, ел үшін маңызды мәселелердің барлығы жалпыхалықтық талқылау арқылы шешілетіндігі нақтылап айтылды. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, барша қатысушыларды азаматтық ұстанымын танытып, алдағы 5 маусымда өтетін референдумға белсене қатысуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар Ата заңымызға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, алдағы болатын референдумның ел өміріне елеулі өзгеріс әкелетіні сөз етілді.
Сонымен қатар, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев,, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының» төрағасы Жандос Шайдулла, Түркістан қалалық кәсіподағының төрағасы Диана Турманова Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектеп» КММ-нің кәсіподақ мүшелері-ұстаздармен дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара барысында сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев Мемлекет басшысы ұсынған реформа Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама екенін, сол себепті ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмау керектігін алға тартты.
“Референдум – бірлігімізді бекемдейтін айтулы саяси оқиға. Бұл реформалардың мәні – еліміздегі демократияны нығайту, әділетті қоғам орнату, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру. Міне, сондықтан, Президентіміз Ата заңға енгізілген өзгерістерді халықтың талқысына салып, көпшіліктің шешіміне сүйеніп қабылдауды көздеп отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, баршаңызды «Жаңа Қазақстанды» бірлесе құруға шақырамын!” – деді Айдар Бахтыбаев.
Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған Жандос Шайдулла Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысының маңызы жоғары екенін тілге тиек етіп, бұл реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін айтты.
Шара соңында қатысушылар референдумнан құлағдар болып, алда болатын өзгерістер мен толықтыруларды қолдайтындарын білдірді.