egemen.kz: “Халық пікірін айқындайтын ауқымды іс-шара”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабы алғашқы отырысын өткізіп, алдағы референдумның мақсатын, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру іс-шаралары жайын талқылады.

Кәсіподақтар федерациясының жанынан Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу бойынша референдумды қолдау мақса­тында барлық облыс орталығы мен респуб­лика­лық маңызы бар қалалардағы аймақтық қоғам­дық штабтардың жұмысын үйлестіретін Респуб­ликалық штаб өз жұмысын бастаған болатын.

12 мамыр күні Республикалық штаб жетекшісі, федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің жетекшілігімен Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы аймақтық штабтары Үйлестіру кеңестерінің отырысы өтті.

Отырыста аталған заңнамалық өзгерістердің кәсіподақтар үшін де маңыздылығы айтылып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасына негізделген қоғамдық-саяси маңызы бар қадам. Сонымен қатар Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы елеулі өзгеріске ұшырамақ. Мәселен, Президент өкілеттігі қысқарып, Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады.

«Біз Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзге­рістер мен толықтырулар әрбір азаматтың негіз­гі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұ­рақ­тылық пен бірлікті қорғауға бағытталға­нын нақты тү­сінуіміз тиіс. Конституциялық реформа азамат­тардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады деген сенімдеміз. Осы себепті, біз кәсіподақ мүшелерін лайықты өмір сүру және еліміздің әлеуетін арттыру үшін, әр еңбеккер өз құқығын қорғай алуы үшін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақыруы­мыз тиіс», деп атап өтті республикалық штаб жетекшісі.

Отырыс барысында сөз алған Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова референдум жеке тұлғаның емес, халықтың пікірін айқындайтынын жеткізді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерін бұл рефор­малардың маңыздылығын түсіне отырып, рефе­рендумға белсенді қатысуға шақырды.

Конференция соңында Республикалық штаб жетекшісі Нұрлан Өтешев әр қазақстандық «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара оты­рып», азаматтық ұстанымдарын таныту арқылы алда­ғы референдумға белсене қатысатынына сенім білдірді.

https://egemen.kz/article/312073-khalyq-pikirin-ayqyndaytyn-auqymdy-is-shara