Заңдағы өзгерістер түсіндірілді

Түркістан қаласы құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы комитетінің төрағасы Бектас Шірікбаев жалпыхалықтық референдумды қолдау мақсатында Түркістан қаласындағы «Ныш-Ер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұжымымен кездесті.


Кездесуде Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы талқыланып, еліміздегі саяси жүйені жаңғырту мәселелері сөз болды. «Референдум — еліміздің болашағын айқындайтыны сөзсіз. Алдағы референдумда Ата заңымыздың 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Осы орайда барша қатысушыларды елді тың серпіліске бастар тарихи шешім қабылданар тұста кәсіподақ мүшелерін бір адамдай қатысып, атсалысуға шақырамын”, – деді комитет төрағасы.

Жиынға қатысушылар референдумды өткізу шешіміне қолдау білдіріп, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.

Айта кетейік, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум 2022 жылғы 5 маусым күні өтеді.