Салалық кәсіподақ төрағасы еңбек ұжымымен жүздесті

Жұмыскерлердің мүдделерін қорғау, олардың құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын және еңбектің қорғалуын қоғамдық түрде бақылау, еңбек дауларын шешу – бұл кәсіподақ ұйымының басты міндеті.
Осы орайда, биыл жалғасын тауып отырған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесіп, олардың жағдайымен танысты.


Кәсіподақ мүшелерін қызықтырып отырған әлеуметтік және материалдық көмектер мен шипажайларға жеңілдікпен жолдама алу мәселелеріне тоқталып, ұжымдық шарт негізінде іске асырылатын жайлардан хабардар етті.

Сондай-ақ, филиал төрағасы кездесуге қатысқан кәсіподақ мүшелерін «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен таныстырып, Конституцияның 31 бабына түзету және 2 жаңа баппен толықтыру енгізілетін тұстарына тоқталып өтті.

Жиынға басқарманың 25 қызметкері, басқарманың орынбасарлары Шайхидин Аязов, Тілесбай Бақытжан және кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты.

Басқарма басшысының орынбасары Ш.Аязов 5 маусым күні өтетін республикалық референдумды қолдап, ұжым қызметкерлерін өз таңдаулары бойынша дауыс беруге шақырды.