Шымкент қалалық қоғамдық штаб мүшелері Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын «Визит» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС-де өткізді. Бүгінгі күні зауыт қабырғасында 163 азамат жұмыс жасайды, оның ішінде 143 қызметкер кәсіподақ мүшесі болып табылады.
Кездесу барысында штаб мүшелері алдағы болатын конституциялық өзгерістер туралы кеңінен баяндап, реформаның маңызды тұстарына тоқталып өтті. Соның ішінде жалпы республикалық референдумды өткізу тәртібі мен міндеттері, Конституциялық реформаның бағыттары, Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның маңыздылығы туралы мәселелер сөз болды. Қатысушыларға суперпрезиденттік басқару үлгісінен есеп беретін Үкімет пен ықпалды Парламенті бар президенттік басқару түріне көшетіні туралы да ақпарат берілді. Парламент Мәжілісінің, облыс мәслихаттары депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі, қала және аудан мәслихаттарының депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесі – оларға әлдеқайда дербестік беретіні айтылды.
Еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды деген сұрақтарға жауап алған зауыт қызметкерлері референдумды қолдайтындарын айтты.