Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте референдумды коғамдық қолдау Республикалық штаб төрағасы Т.Мұқашев, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Ізмұхамбетовтің қатысуымен Конституциялық реформаны талқылау бойынша кездесу өтті.
Жиынға қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, республикалық әрі қалалық штабтың мүшесі «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Әлтеев, өңірлік Қоғамдық штаб төрағасы Е.Сатқанбаев, жергілікті депутаттар мен қоғамдық штаб мүшелері қатысты.
Қалалық Әл-Фараби кітапханасында өткен басқосу тарихи, саяси қадамның шеңберінде өтті. Кездесуде 5 маусымға белгіленген республикалық референдумды халық арасында түсіндіріп, насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқан штаб мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жаңа реформаларды түсіндіру бойынша атқарылған жұмыстарын пысықтады.
Жиын барысында Республикалық штаб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қоғамның талаптарын ескере отырып, саяси реформаларды іске асыруды басты назарға алғанын айтты. Осы арқылы мемлекетіміздің басты құжатына енгізілетін өзгерістер демократияны одан әрі дамытып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына ерекше мән берілетінін жеткізді.
“Конституциялық референдум өткізуге екі аптадай уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл күн – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасын қолдау жөніндегі елімізде республикалық қоғамдық штаб құрылды. Қазір осы референдум өткізуді барлық өңірде республикалық штабтың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біздің бүгінгі мақсатымыз – референдумның мәні мен маңызын бүкіл халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты кеңінен ақпараттандыру. Осы орайда, Республикалық референдумды өткізуге барлығымыз бірігіп атсалысуымыз керек. Өткізгелі тұрған саяси науқан жайлы халық толық құлағдар болғаны жөн. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Оның жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылып еңбек ету – әрбіріміздің перзенттік борышымыз”, – деді қоғамдық қолдау жөніндегі Республикалық штабтың жетекшісі Т.Мұқашев.
Басқосуда сөз алған өңірлік Қоғамдық штаб төрағасы Е.Сатқанбаев жергілікті штаб мүшелері референдум аясында халықпен кездесулері жоспарға сай өткізіліп, ел ішінде насихат жұмыстары тиянақты жүргізіліп, жергілікті халық саяси науқан жайлы толық құлағдар болуда екенін айтып өтті.
Жиында Республикалық штаб мүшелеріне Конституциялық реформаға қатысты сауалдар қойылып, қатысушылар тарапынан бірнеше ұсыныс-пікірлер айтылды.