«Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Ақжігітов қалалық қоғамдық штаб мүшесі Баян Жандосовамен бірге Шымкент медресе колледжінің бітіруші түлектерімен кездесті. Кездесуде Жаңа Қазақстан құрудағы референдумның рөлі мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, қолданыстағы Конституцияның 33 бабына енгізілетін өзгерістер туралы сөз қозғалды. 2022 жылғы 5 маусымда өтетін еліміздің Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша жалпы республикалық референдум өткізудің маңыздылығын түсіндірілді.
Жалпы республикалық референдумды өткізу тәртібі мен міндеттері, Конституциялық реформаның бағыттары, Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның маңыздылығы туралы мәселелер сөз болды.
Қатысушыларға суперпрезиденттік басқару үлгісінен есеп беретін Үкімет пен ықпалды Парламенті бар президенттік басқару түріне көшетіні туралы да ақпарат берілді. Спикерлер қатысушыларды бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Жаңа Қазақстанның Ата Заңын өзгертуге бірге атсалысуға шақырды.
Колледжде білім алушы түлектер референдум өткізілетін күні бірауыздан қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.