Халық өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Алдағы референдумның өтетін уақыты белгілі. Оны өткізу тәртібі қандай, ол жастарға не береді?! Ел үшін маңызы қандай? Осы және өзге де мәселелерді түсіндіру бойынша бір топ қалалық қоғамдық штабтың мүшелері “Орта-Азиялық медицина колледжіне” барып, жас сайлаушылармен кездесті.
Медицина колледжінің студенттерімен кездесуге «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсының» төрағасы Жұмағали Білісбеков, «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова мен Шымкент қалалық маслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаев қатысты.
«Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын жастар түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет», – деді жастармен еркін пікір алмасқан Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.
Жиын барысында Президент шешіміне қалалық штаб мүшесі Баян Жандосова түсініктеме берді. Ол әрбір жас Қазақстан азаматы ретінде референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуі тиіс. «Әрине, қазір ұсынылып отырған Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамдағы барлық маңызды мәселелерді қамтып отыр. Сондықтан, «Жаңа Қазақстанның болшағы – Сіздердің қолдарыңызда»,- деп барлық жастарда референдумға белсене қатысуға шақырды.
Жиында қатысушылар атынан сөз алған Орта-Азиялық медицина колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дилшод Ташполатов қолданыстағы Ата заңымыздың ел жастары үшін өте маңызды екенін және алдағы саяси өзгерістерден мұнан да зор үміт күтетіндіктерін жеткізіп, білім ордасы референдумға белсенді түрде қатысады деп сенім білдірді.