Қызылордада медицина қызметкерлерінің 54-ші спартакиадасы салтанатты ашылды

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының ардагерлері Абпазова Дина Абпазқызы және Әлайдар Әбдуаитұлының 80 жылдық мерей тойларына арналған Қызылорда облысының медицина қызметкерлерінің 54-ші спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Ашылу салтанатына «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының» басшысы С.Пазылов, Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М.Нәлібаев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы А.Аблайханұлы, емдеу мекемелерінің басшылары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары, медицина саласының ардагерлері сонымен қатар спартакиада ойындарына қатысатын ойыншылар қатысты.

Облыстық спартакиадаға 23 емдеу мекемелерінен 200-ден астам медицина қызметкерлері қатысып, спорттың 8 түрінен күш сынасады.

Ашылу рәсіміндегі алғы сөздерде спартакиада қатысушылары мен жанкуйерлерге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдум туралы айтып өтті. Медицина қызметкерлері ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шакырылды.