Жалпыхалықтық референдум бойынша түсіндірме өтті

20 мамыр күні Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылы тұрғындарымен сала өкілдерінен құралған облыстық мобильді топ кездесіп, Референдум бойынша түсіндірме жасады. Ауыл тұрғындарына Қазақстан Республикасы Конституциясында орын алатын өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берілді.


Мобильді топ құрамында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев Референдум өтуінің маңыздылығын атап өтіп, заң түзетулерінің халықтың әлеуметтік жағдайы мен еңбек нарығындағы мәселелерге қатысты тұстарына түсіндірме берді.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары Сүттіқұдық ауылының өзекті мәселелерін көтеріп, сұрақтарына заңнамалық кеңестер алды.

Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрайымы Раушан Үмбетова мен облыстық Референдумды қолдау штабының мүшесі Берік Саймағанбетов қатысуымен кітапхана қызметкерлері және кітапхана оқырмандарымен кездесу болып өтті.


«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 5 мамырдағы үндеуінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл өте тарихи маңызы зор шешім» деп атап өтті түсіндірме тобы. Кездесу барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аса қызығушылықпен талқыланып, кездесуге қатысушылар өз ойларын, ұсыныс, пікірлерін ортаға салды. Кітапхана ұжымы мен оқырмандар Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді қолдап, Референдумға бір ауыздан қатысатындықтарын жеткізді, бұл қадам Жаңа Қазақстанның жаңаша дамуына бастама болатынына азаматтардың сенімдері мол.