Оралда волейболдан ашық турнир өтті

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясында ардагер ұстаз Мұрат Амандықовтың 60 жасқа толуына орай волейболдан ашық облыстық турнир өткізілді.

Мұрат Болатұлы 1962 жылы 23 мамырда бұрынғы Жалпақтал ауданының Талдыапан ауылында дүниеге келген. Мектепті жақсы оқыған ұстаз оқу озаты ретінде 1976 жылы бүкілодақтық «Артек» лагерінде болады.


1983 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Дене тәрбиесі және спорт» факультетін бітірген Мұрат Болатұлы еңбек жолын өзі білім алған Талдыапан орта мектебінде бастап, дене шынықтыру пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп жанындағы интернат меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
2000 жылы Орал қаласына қоныс аударып, #31 мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке орналасады. Басшылық қызметтен көрі спорт жолын таңдап, сол жылы жаңадан ашылған #44 мектеп-гимназиясына ауысып, күні бүгінге дейін дене шынықтыру пәні мұғалімі және спорт мектебінде грек-рим күресінен жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді.

Бар саналы ғұмырын спортқа арнаған мұғалімнің асқаралы 60 жасқа толуына орай өткен турнирдің ашылу салтанатын #44 мектеп-гимназия директоры Бибігүл Тлекенова өзінің құттықтау сөзімен ашып, мерейтой иесіне арнаған алғыс хатын Мұрат Болатұлы сырқатына байланысты турнирге келе алмағандықтан, ұлы Мирасқа табыс етті.

Осы турнирге Ақтөбе қаласынан арнайы келген шәкірті, республикалық “Спорт жұлдыздары” журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев турнир иесіне журнал атынан марапат жасады.

Білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Марат Даупаев та өз кезегінде спорт ардагерін шын жүректен құттықтап, республикалық кәсіподақ комитетінің атынан білім саласындағы ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін арнайы төсбелгімен марапаттады.

Турнирге Орал қаласынан және Талдыапан ауылынан келген 12 команда қатысып, ұстаз жүлдесін өзара сарапқа салды. Жеңімпаздар дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.