Салалық кәсіподақ төрағасы еңбек ұжымдарымен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, республикалық референдумды қоғамдық қолдау штабының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің мүшесі Ноян Бидайбаев Қарағанды облысының медицина қызметкерлерімен республикалық референдумды қолдау бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.


Өз сөзінде Ноян Бидайбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулерді түсіндіріп, медицина қызметкерлерін ұйымшылдыққа, 2022 жылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға қойылған, қоғамда талқыланып жатқан мәселелер бойынша өзінің азаматтық ұстанымын белсенді түрде білдіруге шақырды. Бүгінгі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бірегей мүмкіндік туғызатынын атап өтті біздің барлығымыз еліміздің саяси өмірінде болып жатқан тарихи өзгерістерге қатысуымыз керек екендігін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен мұқият танысып, Қазақстан халқының мемлекетті басқарудағы рөлін арттыруға бағытталған жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаларға өздерінің оң көзқарастарын білдірді.