Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері референдумға қолдау білдірді

Түркістан облысы Ордабасы аудандық №1 Қажымұқан атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізілген жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу ұсынысы талқыланды. Жиынға мекеменің 53 қызметкері қатысты.


Мекеменің бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақсат Белтаев 5 маусым күні өтетін «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен таныстырып, ҚР Конституциясының баптарына енгізілетін түзетулер мен жаңа баппен толықтырулар жөнінде түсіндірді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықты дұрыс ақпараттандыруға және еліміздің азаматтарына ұсынылып отырған реформаларды түсіндіруге белсенді қатысу ниетін білдіріп, ақпараттық-түсіндіру жұмысына белсене кірісіп, атсалып жатқанын жеткізді.

Заңнамалық өзгерістерге жалпыхалықтық дауыс беру – әрбір қазақстандықтың саяси бағытты қалыптастыруға қатысу құқығын және өз елінің болашақ тағдыры үшін жауапты шешім қабылдау құқығын айқындайтын тарихи әділеттілік актісі, бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екенін атап көрсетті.

Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталған.
Бүкіл әлем үшін қиын-қыстау кезеңде қазақстандықтар бірігіп, азаматтық ұстанымын танытып, алдағы референдумға белсене қатысуға шақырды.

Жиын соңында мекеме басшысы Бейсен Ұзақбайұлы Мемлекет басшысының Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу туралы бастамасын қолдайтынын айтып, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумға мекеме қызметкерлері толық дауыс беруге қатысатынына сенім білдіріп, жиынды қорытындылады.

Түркістан қаласы Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Бектас Шірікбаев жалпыхалықтық Референдумды қолдау мақсатында Түркістан қаласындағы «Grand Miks» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұжымымен кездесті.

Бас қосуда кәсіподақ мүшелері Мемлекет басшысының Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бастамасын қызу талқыға салып, еліміз үшін маңызды саяси оқиғада Референдумның маңыздылығына тоқталып, өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ жиын соңында серіктестік директоры Собиржан Исхаков жалпы ұжым болып мемлекетіміздің болашағы үшін тарихи бетбұрысқа бастайтын маңызды шарада азаматтық белсенділік танытып, алдағы 5 маусым күнгі жалпыхалықтық Референдумға бірауыздан қатысатынын жеткізді.