Еңбеккерлер – кәсіподақтар назарында

Бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайн кездесу өтті.


Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрақбай Жанабеков, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, кәсіподақ активі мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.


Отырысты ашқан Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев бастауыш кәсіподақ ұйымы жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті.

«Республикалық маңызы бар қаладағы «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Шымкент қаласының жылу жүйелеріне 100 пайыз қызмет көрсетеді. Аталмыш кәсіпорын 2006 жылы іске қосылып, бүгінде қала аумағында жылу энергиясын беруші және онымен жабдықтаушы болып табылады. Шымкент қаласына жылу энергиясын беру қызметін көрсететін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 2018 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған.

Бүгінде аталмыш кәсіпорында 330-ға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Бастауыш ұйымда әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін «Қуатжылуорталық-3» МКК мен оның еңбек ұжымының арасында 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарт әрекет етеді. Кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымы «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы»РҚБ құрамына кіреді. Кәсіподақ мұндағы қызметкерлердің еңбек жағдайына ерекше көңіл бөледі», – деді Бауыржан Әлтеев.


Кезекті сөз «Қуатжылуорталық-3» МКК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Ниязовқа берілді. Ол өз кезегінде, «Қуатжылуорталық-3» МКК бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысы мен белсенділігін атап өтіп, осы уақытқа дейін кәсіподақ мүшелерінің арасында еңбек даулары орын алмағандығына тоқталды. Одан бөлек, өндіріс орнындағы жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама уақтылы өткізіліп тұратындығын айтып өтті.


Онлайн кездесуде сөз алған Нұрлан Сүлейменұлы еліміздің барлық аймақтарында өткізілген мұндай кездесулер жергілікті шешімдерді қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы проблемалық мәселелерді шешу үшін ұтымды ұсыныстармен бөлісу осындай кездесулердің негізінде атқарушы органдарға ұсыныстар дайындалатынын, ал кәсіподақтар мен жалпы Федерация тарапынан өзекті мәселелерді шешудің ең қолайлы жолдары ұсынылатынын айтты. Одан бөлек, кәсіподақтардың елдік тәжірибесін дамыту мақсатында Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық конференция жайлы да айтып өтті. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары кездесуге қатысқан кәсіподақ мүшелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізілетін алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.


ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов пен «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанабеков Қайрақбай бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына оң бағаларын беріп, ұжымға сәттілік тіледі.