Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар кітаптар әлемінің шырақшысы кітапханашы екені мәлім.
Гүлстан Ғимранқызы кітапханашы мамандығын «Қазақ мемлекеттік қыздар университеті» қабырғасында оқып тәмамдаған. 1981 жылдан бері кітапхана саласында қызмет етіп келеді.
Алғаш еңбек жолын Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ аудандық балалар кітапханасында аға кітапханашылықтан бастады. Ауыл балаларын кітаптар әлемінің ғажайыптарына жетелей жүріп, кітапхана ісі жұмысының жаңашылдық қырына құмар бола бастап, мамандығының мәртебесі биік екендігін жастай түсінді. 1990-1996 жылдар аралығында аудандық орталық кітапханада әдіскерлік бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 1996- 2006 жылы өмір иерімдерімен қалаға қоныс аударып, Ақтөбе қаласындағы «Темір жол» колледжі кітапханасында библиограф, «Рауан» кеден-қаржы колледжінде кітапхана меңгерушісі қызметін атқарды. 2006-2017 жылдары Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жетекші әдіскер, кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2017 жылдың сәуір айынан бастап, облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры қызметін атқаруда. Бұл кітапхана көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған 50 жылдан астам тарихы бар облыстағы жалғыз кітапхана. Қазақта «Көзі соқырдан қорықпа, көңілі соқырдан қорық» деген сөз бар. Мұндағы оқырманның әрқайсысы жаратқанның тағдырына жазғанға мойымай келе жатқан рухы мықты өжет жандар. Осындай ерекше қарым-қатынасты талап ететін оқырмандар ортасына басшылық қызметке келген Гүлстан Хамзина өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарап, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар, облыс кітапханаларына жаңа технологиялар енгізуге, модельді ауыл кітапханаларын ұйымдастыруға үлес қосып, кітапханалық-библиографиялық қызметтерді автоматтандыруда, арнайы кітапханалық бағдарламалармен жұмыс жасауда өз ісінің шебері екендігін дәлелдеп келеді. Облыс кітапханаларының қызметіне жыл сайын мониторинг жасап, нәтижелерін арнайы басылымдарда көрсетеді. Өңірлік «Aqtobe», «Рика тв» телеарналарда кітапхана саласының өзекті мәселелерін айтып сұхбатқа шығып тұрады.
Республикалық басылым беттерінде атап айтсақ: «Үш қоңыр»,«Үштаған», «Керек инфо», «Ақтөбе» газеттеріне мақала жазып тұрады. Өз білімін жетілдіруді әр уақытта дағдыға айналдырған. Қызметте жаңашылдыққа жаны құмар, талапшыл тәртіпке бағынуға бағыттайтын жан. Басшының адамгершілік қасиеті бір төбе. Асыра мақтау абырой әкелмейді бірақ орынды қаталдық, мөлшерсіз мейрімділіктің иесі. Ұжымда жайлы моральдық- психологиялық ахуал жасауға атсалысып келеді. Кітапхана саласындағы 41 жылдық қызметіндеГүлстан ҒимранқызыҚазақстандық кітапханалық одақтың мүшесі құрамында. Абыройлы еңбегі лайықты бағаланып, «Кітапхана саласының үздігі», «Кітапхана ісінің шебері», «Мәдениет саласының үздігі»,«Қазақстанның құрметті кітапханашысы» ,«Еңбек даңқы», «Кітапхана саласының ардагері» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальінің иегері атанды. Әрине, бұл ұзақ жылдар мен темірдей төзімділіктің жемісі деп білеміз.