Шымкентте әлеуметтік әріптестер марапатталды

Халқымыздың бағына туған Шәмші Қалдаяқовтың рухына бағышталған концерт аясында, қала күні қарсаңында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының әлеуметтік әріптестері «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

«Шымкенттің шырайы – Шәмші» атауымен өткен концерттік шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара барысында өңір басшысы Мұрат Әйтенов жиылғандарды атаулы мерекемен құттықтап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына қосқан зор үлесі үшін қаламыздың 10 азаматына «Шымкент қаласының құрметті азаматы» мәртебесін салтанатты түрде табыстады. Марапат иелерінің ішінде әлеуметтік әріптесіміз, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалына қарасты «Фиркан» ЖШС-ң басшысы Гарипов Ильяс Карипұлы мен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының директоры Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлына Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Шығармашылық кештің соңы елімізге еңбек сіңірген жұлдыздар – Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұрғали Нүсіпжанов, Медеу Арынбаев, Уралхан Сейілбекова, Нұржамал Үсенбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев секілді өнерпаздар өнер көрсетумен ұласты.