Еңбеккер бейнесінде – металлург Ғарипулла Бисенов

«Қазхром «ТҰК» АҚ – филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының аға балқытушысы  Ғарипулла Бисенов тау – кен саласындағы беделді «Алтын Гефест» байқауында  «Жыл металлургі» номинациясында үздік деп танылды.

Өз өмірін металлургия саласымен байланыстырып, еңбек жолының әрбір сәтін ұтымды пайдаланып, өндірісте жас буын өкілдерін білікті маман болып қалыптасуына үлесін қосып жүрген жандар көп-ақ. Солардың бірі де бірегейі Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының аға балқытушысы Ғарипулла Бисенов.

Қара металлургия саласын дамыту үшін тер төгіп жүрген, іс-тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған тәлімгер Ғарипулла Бисенов зауытта 36 жылға жуық қызмет атқарып келеді. Ерік-жігерін қиындығы мен қызығы қатар жүретін балқытушы мамандығына өмірін арнаған ол өз ісінің шебері,     кәсібінің қыр-сырын жақсы меңгерген тәлімгер әрі №24 пештің бригадирі.

– Балқытушы мамандығы өз алдына бір әлем. От жалынмен арпалысып, қыз-қыз қайнаған тірлікпен шыңдалып жүргеніме 36 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында жұмыс барысында көптеген өзгерістер орын алды. Техникалар жаңартылып, құрал-жабдықтар заманауи баламалармен ауыстырылды. Өндірілген өнім көлемі артып, сапасы әлемдік стандартқа сай металл әрдайым сұраныста. Балқытушылар қатары жас металлургтермен толығып, өндіріске тың серпін беріп келеді. Жастардан да үйренетін тұстарымыз өте көп. Ауысыммен жұмыс істейтін металлургтер жылдың қай мезгілі болмасын ыстық пештің жанында тұрып металл балқыту оңай шаруа емес екендігіне қарамастан техника қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып, берілген жоспарды орындап жүрген әріптестерімнің еңбегі орасан зор. «Жыл металлургі» аталымы бойынша жеңімпаз атануым менің және ұжымдастарымның әрі бригадамның ерен еңбегіне берілген әділ баға деп есептеймін. Әріптестерімнің сенімін ақтау, кәсіби маман екендігімді мойындату үшін ұзақ жылғы еңбек, іс-тәжірибе қажет болды, – дейді кейіпкеріміз.

Жұмысқа келген жас мамандарды өндіріске тартып, сапалы металл балқытудың қыр-сырын үйретіп, білікті балқытушы етіп шығару тәлімгерге байланысты. Ғарипулланың тәлімгерлік қызметі өз алдына бір төбе. Ұзақ жылғы табанды еңбегінің арқасында бірнеше жас металлургтерді еңбекке баулып, білгенін үйретіп, іс-тәжірибесімен бөлісіп жүрген тәлімгер ретінде еңбек ұжымына сыйлы. Ол білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп, жастардың аяққа нық тұруына қол ұшын беріп жүрген жоғарғы санаттағы аға балқытушының жеткен жетістігі, еңбегі ескерусіз қалған емес. 2006 «Қазхромның құрметті жұмыскері», 2013 жылы «Еңбек даңқы» төс белгісімен марапатталса, жақында ғана Ғарипулланың өндірістегі ерен еңбегі үшін тау – кен саласындағы беделді «Алтын Гефест» байқауында  «Жыл металлургі» номинациясында үздік деп танылды.