«Балалар жылын» қолдау мақсатында «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасы әрі ұйымдастыруымен Денешынықтыру-сауықтыру кешінде алғашқы рет«Ползунки» 7 – 12 ай, «Ходунки» 1 –1,5 жас, «Бегунки» 1,5 – 2 жас аралығындағы кішкентай бөбектердің арасында жарыс өткізді. Сайысқа жалпы саны 24 болашақ металлург сәбилер қатысып, мерекенің сәнін кіргізіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сайысқа ата-әжелерімен, әке-шешелерімен бірге жиналған кішкентай бүлдіршіндердің қолдарына ұстаған ойыншықтары, бақытты да риясыз күлкісі мен былдырлаған тәтті үндері сайыстың мәні мен мағынасын ашып, шырайын кіргізді.
Сайысқа бірінші рет шығып шығып отырған кішкентай балапандарымызды биылғы балалар жылымен құттықтап, іс-шараның шымылдығын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының мәдениет қызметкері Айнаш Имекешева өзінің ақ тілегін арнады.
– Құрметті қонақтар,жарысқа қатысушы кемел елдің шат көңілді кішкентай патшалары «Балалар жылы» құтты болсын! Сәбилеріміздің болашағы ашық әрі жарқын болып, әр шаңырақта бала саны арта берсін. Баршаңызды баланың пәк көңіліндей ашық, осындай жарқын мерекемен құттықтаймын. Кішкентай балғындарға сәттілік тілей отырып, жарысымызды бастаймыз, – деді кәсіподақ өкілі.
Жарыс алаңына «Ползунки» 7 – 12 ай аралығындағы 8 қатысушы ең кішкентай ойыншыларымыз шақырылды. Олар әлі өз бетімен жүре алмайтын тек ғана еңбектей алатын сәбилер арасында өтті. 8 сәбидің ішіндееңбектеуден қарсыластарын шаң қаптырып қызыл сызыққа, яғни межеге жылдам әрі алғашқы болып 27 секундтық көрсеткішпен шикіқұрам дайындау цехының үмітін үкілеп келгенСамат Дәмелі бірінші болып келіп жеңімпаз атанды.
«Ходунки» аталымы бойынша 1 – 1,5 жас аралығындағы 5 сәби ходунокпен жүру сайысындаcервистік қызмет көрсету цех атынан шыққан Қожаберген Фатима 22 секунд жылдамдықпен бірінші орынға ие болды.
«Бегунки» 1,5 – 2 жас аралығындағы бөбектер жарысында 8 баланың ішінен «Ферросплавщик» спорт клубының намысын қорғаған Скендірбек Дамир белгіленген бағытты 4 секундта жүріп өтіп ең жылдам жүруші атанып, бірінші орынға қол жеткізді.
Кіп-кішкентай балақандардың сайысына сүйсінбеген жан қалмады. Балақандардың қызыққа толы қылықтары, думанды әрі бірінші рет өтіп жатқандықтан жанкүйерлер қызу қол шапалақтап қолдап, қошемет көрсетіп сайысты қыздыра түсті.
Жеңімпаздар арнайы кәсіподақ ұйымының дипломымен,балалар тағамына толы корзиналар, бағалы сый-ойыншықтармен марапатталды. Ал сайысқа қатысып белсенділік танытқан барлық балаларда кәсіподақтың сый-сияпатынан құр қалмады. Оларға да себетке толы арнайы сыйлықтар таратылды. Осылайша, іс-шараға атсалысып мадақталған сәби де, оның ата-әжесі де, ата-анасы да мәз-мәйрем.
– Осындай іс-шараға мұрындық болып, кішкентай патшаларға жарыс ұйымдастырып отырған біріккен кәсіподақ ұйымы басшылығына айтар алғысым шексіз.Кәсіподақ ұйымы бүгін кішкентай сайыскерлерімізге ерекше бір қуаныш сыйлады. Іс-шара көңілімізден шығып, үлкен-кішіні риза етті. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысар» – демекші Адия қызымның алғашқы сайысы болғандықтан қолдау көрсетуге әкесі, әжесі келіп отыр, – дейді еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімінің маманы Диляра Нурғожина.