Бүгін біз сөз еткелі отырған Ұлытау облысының Жезқазған қаласындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептің 4 «Г» сынып мұғалімі Жұлдыз Мальгерьянова – ізгі тілекті, мейірбан мінез, арда көңіл аяулы ұстаздардың бірі әрі бірегейі.
Баласын бірінші сыныпқа берерде қай ата-ана болмасын кез келген ұсақ-түйекті жете сараптап, естіген-білгендерін ой елегінен өткізіп, тәжірибелі маманды іздейтіні жасырын емес. Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайтын екінші анасының білімі толысқан, жүрегі ізгілікке толған, көреген адам болғанын қалайтыны тағы бар. Көздері жәутендеген кешегі ойын баласын мектепте ең бірінші болып қарсы алып, білім әлеміне саяхаттататын Жұлдыз Қарашақызы бір үміт, бір күдікпен бауыр еті баласын мектепке жетелеген көп ата-ананың сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтап жүргеніне міне, 25 жылға жуықтады.
Жұлдыз Мальгерьянова – ең алғаш қолға қалам ұстатып, әліппе жаттатып, жазу-сызуды үйретерін бастауыш сынып мұғалімі. Шәкірттеріне жан-тәнімен бар білгенін үйретуге асығатын ол Жаңаарқа ауданына қарасты Мыңадыр стансасында теміржолшылардың отбасында дүниеге келді. Қиын да жауапты ұстаздықты жүрегімен қалап негізгі мектепті бітірісімен педагогикалық институтқа оқуға түсті. Жылжыған жылдар мен аққан айлар шешімінің дұрыс, таңдауының дөп түскенін дәлелдеді.
«Екінші өмір берілетіні рас болса, қайта мұғалім боламын» (күледі) дейтін оның бойында көпке бұйыра бермейтін мамандыққа деген шексіз махаббат пен риясыз адалдықтың барын аңғару қиын емес.
«Сәбидің тағдырының сипаты – кіндік шешеден» дейтін сияқты, шәкірттің де білімінің қуат-күші, мінез мәдениеті, еңбек дағдысы – алғашқы ұстаздан болмақ. Алғашқы мұғалімнің үйреткен тәлім-тәрбиесі – өмірлік азық. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, өмірдің бұралаң жолдарында бағытынан таймасы анық. Жұлдыз мұғалімнің мектебінен өткен әр оқушы бүгінде өмірден өз жолын адаспай тауып, елімізді өркендетуге абыроймен атсалысып жүр. Төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны – осы емес пе?!
Тәжірибелі ұстаз үй жұмысы мен қызметін керемет үйлестіре білді. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеген ордалы отбасының түтітін түзу тұтатқан Жұлдыз Қарашақызы мен құдай қосқан арқа сүйері Жаңабай Аманбайұлы ұстаздар династиясын қалыптастырды десек те болады. Ұзақ жылдар бойы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген жолдасы қазір Жезқазған қаласының спорт бөлімінде абыройлы еңбек етсе, тұңғыштары Бекарыс №8 гимназияда оқушы тәрбиелейді. Қыздары Айдана екі жылдан кейін жас мұғалімдердің қатарын толықтырмақ. Нұрбек пен Асылдан да үміт зор. Олар – оқуда үздік, талантты да талапты.
– Ұстаз болу үшін адамға қарапайымдылық қажет. Адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары қоя білген мұғалім оқушыға да, ата-анаға да, ұжымда да сыйлы болмақ. Мен не алам деп емес, керісінше, оқушыға не беремін деп ойлау керек, – деген қатаң ұстанымынан бір еліге де алшақтамайтын Жұлдыз Мальгерьянова – ізін басқан жастардың тәлімгері.
Атақ пен мал табуды мақсат етпей, бұл дүниеде еншісіне тиген несібесін місе тұтқан Жұлдыз Қарашақызы еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген, өз бақыты мен қуанышын шәкірттерінің жетістігінен тапқан ұстаздардың ұстазы екенін айтпай кету – бізге сын.