Кәсіподақ белсендісі – Кәукертас Мусина

Қандай мамандықты алсақ та, әрқайсының өзіндік қызығы мен қиыншылығы бар. Қиындығы демекші жүрек қалауымен келген мамандығының ыстығы мен суығына төзе білу әркімнің-ақ қолынан келмесі анық. Дегенмен, бүгінде арамызда еселі еңбегімен ел игілігін арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысқан өз ісінің майталманы атануға әбден лайық азаматтар бар. Солардың бірі әрі бірегейі – жаны жайсан Кәукертас Мусина. Ол – өз тарихының 85 парағын ашқан Балқаш қаласының дамуында қолтаңбасын қалдырған мықты экономист-бухгалтер.

Мектеп бітірісімен 17 жасында еңбекке араласқан Кәукертас Әшірімбекқызының алғашқы жұмыс орны – балабақша. Тәрбиешінің көмекшісі бола жүріп ол Балқаш тау-металлургиялық колледжінде есеп-қисап жүргізу ісін меңгерді. Қолына дипломын алған 1979 жылы Балқаш қаласы білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясына материалдық есепші болып жұмысқа кірсе, 2004 жылы мемлекеттік қызметке салық комитетіне ауысты. Қаржы саласы талап ететін нақтылық пен жауапкершілік қасиеттерін бойына жинақтап, бюджеттік және салықтық заңдылықтарын жете меңгерген Кәукертас Мусинаға қарап бой түзеген мамандар бүгінде ортамызда аз емес. Оның қолдауын сезініп, ақыл-кеңесін жадына сақтап, бағыт-бағдарын ұстанған шәкірттері қалтарысы мен бұлтарысы көп қаржы саласында адаспай, еркін жүзгенін айтпай кетпеске тағы болмас.

Біреудің басына қара бұлт үйіріле қалса қол созып, көмек көрсетіп, қиындығына ортақтасуды парызы санайтын Кәукертас Әшірімбекқызы 2009 кәсіподақ қызметкерлерінің қатарынан табылды. Өзінің адами болмысы мен кәсіби шеберлігінің арқасында Жаңаарқа, Ұлытау, Шет пен Ақтоғай аудандары мен Сәтбаев, Қаражал, Балқаш пен Жезқазған қалаларындағы білім қызметкерлерінің кәсіподағын бір арнаның басына тоғыстырған Жезқазған аймақтық кәсіподағының ұжымына бірден сіңісіп кеткен ол қазіргі таңда сыйлы да құрметті әріптес қана емес, біз үшін бағалы да таптырмас маман.

Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенділік танытып, білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда тыңғылықты да тындырымды ісімен дараланатын Кәукертас Мусина – балқаштық көшбасшы Әсем Айтжанованың адал серігі. «Еңбек адамына – лайықты өмір» қағидатынан бір еліге де алшақтамаған қос белсендіміз кәсіподақтың «кепілдеме болмаса, уәде берме», «кәсіподақ мүшелерінің сеніміне селкеу түсірме», «көмек сұрай келгеннің бетін кері қайтарма» ережесін қатаң ұстанғаны арқасында Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы абырой тұғырынан, бедел биігінен көрініп, тасы өрге домалап тұр.

«Адал еңбек әрқашан кімнің болса да абыройын асқақтатады. Даңқын арттырады» дегенді бала күннен құлағына құйып өскен Кәукертас Әшірімбекқызы әр жылдары Құрмет грамоталармен марапатталып, кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалін тақты. Дегенмен, еңбек ардагері үшін ең жоғары марапат – халықтың ықыласы мен алғысы. Бәрінен сыйды бағалай білетін біздің кейіпкер әріптестері мен таныс-тамырларының өзіне деген жылы қарым-қатынасын медаль мен орденнен анағұрлым артық санайды. Және ол еңбегімен, адамгершілігімен осы құрметтің биігіне шыға білді.