“Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі: “Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Қазақстан халқына еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындайтын Жолдау жасады.
Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өмір сапасын арттыратын бірнеше басымдықты атап өтті. Жолдауда әлеуметтік саладағы көптеген күрделі мәселелерге ерекше назар аударылды.
Оның ішінде, Қасым-Жомарт Кемелұлы ең төменгі жалақы мөлшерін 60 000 теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шешім еліміздегі ең төменгі жалақыға жұмыс істейтін 1,8 миллион адамның кірісіне тікелей әсер етіп, өз кезегінде халық саны көп, айлығы төмен Түркістан облысы еңбеккерлерінің жалақыларын көбейте отырып, олардың өмір сүру деңгейлерінің едәуір артуына әкелері анық. Дәл осы мәселе Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мырзаның тарапынан үздіксіз көтеріліп келген өзекті мәселердің бірі болатын.
Сондай-ақ, Президент “Балаларға арналған ұлттық қор” бағдарламасын іске қосуды тапсырды. “Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа “Балаларға арналған ұлттық қор” бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын”, – деді президент. Мемлекет басшысының бұл бастамасы басқа өңірлерге қарағанда демографиялық өсімі жоғары болып саналатын Түркістан облысында алдағы уақытта дүниеге келетін өскелең ұрпақтың келешектегі жағдайларының жасалынатыны өте қуантарлық жағдай деп есептейміз.
Сонымен қатар, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу керектігі айтылды. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керектігін тілге тиек етті. Бұл өңірдегі бала-бақша тәрбиешілерінің әл-ауқатына оң әсерін тигізіп, табысты ұлт болуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Сондай-ақ, Президент «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті» – деп айтып өтті. Осы орайда мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, көтерілген мәселелер алдағы уақытта киелі Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтің сапасын арттырады деп сенеміз.
Ендеше елдің ертеңіне алаңдаған ел президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына біз де бірлесе атсалысайық!”