Еліміздің үшінші мегаполисінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы №46 мектеп-лицейінде алғашқы қоңырау үні соғылып, 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға арнайы келген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлтеев Бауыржан жаңа оқу жылында алтын ұя мектебіне алғаш қадам басып, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушылар мен олардың ата-аналарын, мектеп ұжымын, ұстаздар қауымын құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде,
«Білім күні баршаңызға құтты болсын! Білімді азамат – елінің ертеңі, халқының болашағы. Міне, кеше ғана тілі былдырлап, енді ғана тәй-тәй басып жүрген бүлдіршіндеріміз үлкен азамат болып, білім белестерін бағындыруға қадам жасап жатыр. Қадамдары құтты болсын. Халқымыз оқу инемен құдық қазғандай деседі. Тек табанды еңбек ету керек. Төзімді әрі табанды болуды, әркім білімнің қандай ұлы күш екенін осы мектеп қабырғасында жүріп түсінеді. Барша баланың ата-анасының үмітін ақтап, алтын белгі алғанын, қалаған мамандығына оқуға түскенін қалаймыз. Осы орайда, балаларымыздың зейіні мен зердесі ашылсын, шетінен білімді де озық ойлы азаматтар болсын деп тілейік»,- деді Бауыржан Ілімшеұлы.