Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйлә Әлкебаева әріптесі Бақытгүл Өміртаеваны осы үш-ақ сөзбен сипаттап берді. Ол – «Қызмет» салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының белді мүшесі, саналы ғұмырын адамдарға қамқорлық танытып, оларға көмек қолын созуға арнаған әлеуметтік сала қызметкері.
Әлсізге күш беретін, мүмкіндігі шектеулі жанға жағдай жасауды абыройлы іс көретін, ешкімнің қайғысына көзжұма қарамайтын, жүрегі мейірімге, жүзі жылылыққа толы Бақытгүл Төлеутайқызы 1961 жылдың тамызында Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар стансасында теміржолшының отбасында дүнеге келді. Тоғыз құрсақ көтерген батыр ана Седімет пен адал еңбекті бәрінен жоғары қойған әкесі Төлеутай балаларының білім алуына баса назар аударғанның арқасында ұл-қыздары жоғары оқу орындарын тәмамдап, бір-бір маман иесі атанды. Бүгінгі кейіпкеріміз Жезқазған педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білім алған. Алғашқыда еңбек жолын №2 мектеп-интернатында тәрбиеші ретінде бастаған Бақытгүл апай жаңадан ашылған қазақ-орыс тілді №9 орта мектепте үш жылдай ұстаздық етті. 1985 жылдың күзінде облыстық зейнетақы мен жәрдемақы есептеу және төлеу орталығына инспектор болып ауысты. Міне, сол жылдан бері ол әлеуметтік салада табан аудармастан абыройлы еңбек етіп келе жатыр. Бүгінде еңбегінің зейнетін көрер шаққа жетсе-дағы басшылық пен әріптестері одан ажырағысы жоқ. Өйткені, ол – өз ісінің білгірі.
Зейнетақы мен жәрдемақы есептеу және төлеу орталығында облыстың 12 ауданынан келген іс-қағаздарды реттеп, әр жәрдемақы алушы мен зейнеткерге дербес шот ашып, жәрдемақы мен зейнетақыны есептеп, поштаға жіберіп отырған. Күніне 100 іске дейін қараған күндері болған Бақытгүл Өміртаева Жезқазған қаласы мен Ақадыр ауданына жетекшілік етті. Анарқұлов, Пушкин мен Жастар көшесінде орналасқан пошта бөлімшелеріне барып, ревизия жасау да оның тікелей міндеті еді. Етекке оралған бала-шағасының барына қарамастан үйде де, түзде де ісін шеберлікпен дөңгелеткен Бақытгүл апай облыстық орталық жабылған 1992 жылы халыққа әлеуметтік қызмет көрсету бөліміне ауыстырылды. Бірден оған қарттар мен мүгедектерге үйден қызмет көрсету бөлімшесінің меңгеруішісі лауазымы ұсынылды. Қоластындағы 18 әлеуметтік қызметкермен бірге қамкөңіл жандардың бабын тауып, өмір сүруге деген құлшынысын оята білген меңгеруші көп уақыт өтпей халыққа әлеуметтік қызмет көрсету бөлімі аппаратына шақырту алады. Мұнда да оған ең жауапты шаруа жүктелді. Жезқазған қаласына қарасты барлық ауылдар мен қыстақтағы зейнеткерлер мен әлжуаз топтағы тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, мемлекеттен қолдау көруіне септесті.
Салаларға компьютерлік технология енгізілген 1993 жылы бөлімдегі мамандардың алды болып компьютерде жұмыс жасауды үйреніп, Жезқазған қаласы бойынша «Аманат СП» құжаттар базасын қалыптастырды. Ол кезді Бақытгүл Төлеутайқызы: «Жезқазған қаласындағы зейнеткерлер мен әлеуметтік қолдауға ие топтағы азаматтардың құжаттарын бірыңғай базаға енгізуге небәрі 1 ай уақыт берілді. Бұл жұмысқа алты маман жұмылдырылды. Бізге берілгені – үш компьютер. Екі ауысымда жұмыс жасадық. Таңғы сегізде отырған бізді кешкі сегізде келген әріптестеріміз алмастыратын», – деп еске алады бүгінде.
Қазіргі таңда ардагерлер мен мүгедектер және құқықтық жұмыс секторында еңбек етіп жүрген Бақытгүл апай қараусыз қалған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын саралап, оларды қарттар үйіне, бейімдеу орталығына орналастырудың қамымен жүреді. Сонымен бірге, түзету мекмелерінде жазасын өтеп келгендерді жұмысқа орналастыру, есепке алу жұмыстарын жүргізеді.
Әлеуметтік салада еңбек ету темірдей төзім мен салқын сабырды талап етеді. Бұл – әрине, үлкен жүрек иесіне ғана тән қасиет. Бақытгүл Өміртаеваның бойынан осындай қасиеттің барын бірден аңғардық. Оның жүзінен қайырымдылық пен қамқорлықтың самалы есіп тұр. Өз қарауындағы әрбір жанға қашанда жан жылуын сыйлауға әзір тұратын оның мейірімінің арқасында бүгінде өмірлік ауыр жағдайда қалған көптеген адам қиындықтарын еңсеріп келеді.
Бақытгүл Төлеутайқызы үшін еңбегенің ең басты өлшемі – өзі қызмет көрсететін қарттардың ризашылығын алу. Осы күнге дейін көптің алғысына бөленіп келе жатқан әлеуметтік саланың қызметкері жұмысында таптырмас маман болса, отбасында ардақты да асыл ана. Шаршауды білмей, күні-түні балаларының жарқын болашағы үшін бел жазбай еңбек еткен Бақытгүл апай ұлдары Мақсат пен Саясатты, қызғалдағы Гүлденді тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, әкенің жоқтығын сездірмей өсірді. «Адамды адал еңбек өсіреді» дегенді бала күннен құлағына құйып өскен балалары да ел ырысын еселеу жолында еңбек етіп жүрген жайы бар.