Бұл күндері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүр. ҚРКФ басшысының сапарының басты мақсаттарының бірі – кәсіподақтардың қатардағы мүшелерімен жеке кездесу, жұмыс орындарында әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылау және кәсіпорын қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуге көмектесу.
Сатыбалды Дәулеталинмен кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жетістіктерімен бөлісіп қана қоймай, өмір жолдарын айтып, көмек сұрайды. Петропавлдағы «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-да болған сапарында машина жасау зауытының механика цехында 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бесінші разрядты токарь Санат Мақанов өзінің өмірлік жағдайына тоқталды. 42 жастағы Санат Мақанов үйленген, үш баласы бар, оның біреуі мүгедек. 2012 жылдан бері оның отбасы Петропавл қаласы әкімдігінде «Халықтың әлеуметтік осал топтары. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша үй жағдайын жақсарту кезегінде тұр. Қазір Мақановтар отбасы зауыт жатақханасында тұрады.
«Он жылдан бері менің отбасым тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін кезекте тұр. Ешқандай алға жылжу жоқ. Мен «Отбасы банкі» бағдарламасы – «Бақытты отбасына» қатысуға тырыстым. Банк шотында бір миллион теңге жиналды. Алайда менің өтінішімді банк қанағаттандырмады. Бәлкім, менің жинаған ақшам жеткіліксіз. Үш баламен, біреуі мүгедек, жатақханада тұру қиын. Әйелім жұмыс істемейді, бала тәрбиесімен айналысады», – деп шағымданды Санат Мақанов.
Әріптестерінің айтуынша, Санат аспаптық және өндірістік сипаттағы күрделі токарлық жұмыстарды уақытында және әрқашан жоғары сапада орындайды. Жоғары кәсіби шеберлігі үшін бірнеше рет зауыт әкімшілігі мен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының Алғыс хаттарымен марапатталған, «Үздік токарь» атағына ие. 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығының бастамасымен және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұсынысы бойынша оның еңбегі лайықты түрде жоғары мемлекеттік награда – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Зауыт жұмысшыларын тыңдаған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өндіріс үздігі үшін өмірлік маңызы бар мәселені шешуге көмектесуді ұсынды. ҚРКФ басшысы тікелей зауыттан «Отбасы банкі» Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының директорына телефон соқты.
ҚРКФ төрағасы банк басшысына токарьдың жағдайын түсіндіріп, Санат Мақановтың сіңірген еңбегіне тоқталып, тұрмыс жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасыға жәрдемдесуді сұрады. Он минуттық әңгіме барысында тараптар бір мәмілеге келді – «Отбасы банкі» Мақановтар отбасының өтінішін қабылдап, қыркүйек айының соңында қажетті құжаттар пакетін толтырғаннан кейін токарь отбасына «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Өркен» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер береді. Бұл туралы Сатыбалды Дәулеталин станоктың жанында жұмыс істеп жатқан токарьға хабарлады.
«Мен баспана мәселесі шешіледі деп ойламадым, бірақ кәсіподақ көмектесті. Сатыбалды Дәулеталинге, Кәсіподақтар федерациясына рахмет. Кәсіподақ ұйымының бұлай дер кезінде жауап беріп, өмірлік маңызды мәселем – баспана мәселесін шешкеніне қуаныштымын», – дейді көзі жасаураған Санат Мақанов.
ҚРКФ төрағасы отбасы пәтер кілтін алғанша бұл мәселені Кәсіподақтар федерациясы өз бақылауында ұстайтынын баса айтып, өндіріс шеберіне алдағы 22-23 қыркүйекте елордада өтетін республикалық токарьлар байқауында табыс тіледі.
Ал, Киров атындағы машина жасау зауытына бару кәсіпорын басшылығы өкілдерімен әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылаумен жалғасты.
Машина жасау зауыты облыстың негізгі кәсіпорындарының бірі болып табылады, ол қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін шығаруға маманданған. Сонымен қатар, кәсіпорын Қазақстанның темір жолында, мұнай-газ және энергетика салаларында пайдалануға арналған 100-ден астам өнім түрлерін шығаруды игерді. Ал бірнеше жыл бұрын олар «ЗиК» маркалы («Киров атындағы зауыт») отандық ноутбуктер шығаруды қолға алды. Бүгінде зауытта 525 адам жұмыс істейді, оның 307-сі кәсіподақ мүшесі.
«Кәсіпорынның даму стратегиясына сәйкес төрт негізгі мақсатқа қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде – басқарушылық байланыстарды оңтайландыруды қысқарту ретінде ұйымдық құрылымды жетілдіру, кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, оқу орындарын бітірушілерді тарту және қызметкерлерді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізу», – деді кадр бөлімінің басшысы Светлана Лысенко.
Кәсіпорын қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылаған ҚРКФ төрағасы зауытта әзірленіп жатқан жаңа ұжымдық шарт қызметкерлердің бүгінгі жағдайын нашарлатпауы керектігін атап өтті.
«Әділетті Қазақстан құру бағытын белгілей отырып, кәсіподақтар әрбір қазақстандық жұмысшы үшін қолайлы еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақыны жүйелі түрде құруды талап етеді. Әлеуметтік әріптестердің назарына кәсіподақтардың бастамасымен аймақтық келісімге жалақыны инфляция деңгейіне міндетті түрде индекстеу туралы ереже енгізілген. Әлеуметтік әріптестік тараптарынан жаңа ұжымдық шарт жобасын дайындау кезінде осы ережені ескеруді сұраймын. Салыстырмалы түрде төмен еңбекақы жағдайында міндетті индексация зауыт жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді», – деп Сатыбалды Дәулеталин жұмыс беруші мен кәсіподақ атынан әлеуметтік әріптестерге ұсыныс жасады.
ҚРКФ медиаорталығы