Балалар жылына орай Шымкент қаласының кәсіподағы қайырымдылық шарасын өткізді

Шымкент халқы жылдағы дәстүрге сай көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға көңіл бөліп, балабақшалар мен мекемелерге, қаладағы саябақтарға жас көшеттер отырғызып, айналасын босатады. Бұл игі іс биылда Мемлекет басшысының пәрменімен 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жариялануына байланысты «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» жетімдер үйінде жалғасын тапты. Іс-шарада «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар орталығының қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен етене жақын танысып, олардың ой түкпіріндегі асқақ армандары мен өмірлік мақсаттары жайында әңгіме жүргізіп, бүлдіршіндермен бірлесіп жас көшеттерді балалар үйінің саябағына отырғызды. Шарада мекеменің ауласына 100-ге жуық жеміс ағашы көшеттері мен басқа да жас көшеттің түрлері егілді.

Аталмыш шарада жетім балаларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы алынған сыйлықтар тапсырылып, түскі ас берілді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге қызықты ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды.

«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, қиналғанға қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынған ұйымдастырушыларға барлық ұстаздар мен қызметкерлердің алғысы шексіз.