mtrk.kz: “Өңірде биыл әлеуметтік әріптестік аясында 5 мыңнан астам меморандум жасалған”

Солтүстік өңірдегі жұмыс сапары аясында Қазақстандық Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жергілікті кәсіподақтар орталығының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында бастауыш ұйымдардың жұмыс қорытындысы баяндалды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде әлеуметтік әріптестік аясында бизнес өкілдерімен 5 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Бұл 9 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріпті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Меморандумдардың дені ауыл шаруашылығы саласында жасалды. Құжатта жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары нақты белгіленген. Сонымен қатар, облыста халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Биылдың өзінде 19 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Кәсіпорын басшылары халықпен жыл сайын кездесу өткізіп, өздерінің қызметі, алдағы жоспарлары мен көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы толық ақпарат беріп отырады.

Жиында облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Марат Омаров еңбек қатынастары саласында атқарылған іске тоқталып өтті. Жыл басынан бері бейінді басқармаға 900-ге жуық солтүстікқазақстандық жүгінген. 285 кәсіпорын тексеріліп, 350-ге жуық заңбұзушылық анықталған. Тиісті шара қабылдаудың нәтижесінде 700-ге тарта еңбек адамының құқығы қорғалып, төленбей келе жатқан 119 млн теңге еңбекақылары қайтарылған. Биыл кәсіпорындарда 22 жазатайым оқиға тіркеліп, 28 адам зардап шеккен. Осы ретте Марат Омаров өндірістік жарақат алу жағдайларын азайту мақсатында қолға алынған шараларды тізіп өтті.

МАРАТ ОМАРОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
– 2021-2023 жылдарға арналған республикалық «Жол картасы» іске асырылуда. Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп 2021-2023 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» облыстық бағдарламасы іске асырылуда. Облыстың кәсіпорындарында 1134 кеңес жұмыс істейді. 85 ірі кәсіпорын еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарт енгізді. Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау мәселесі бойынша 176 жауапты тұлға оқудан өтіп, аттестат алды.

Жалпы, өңірде еңбек адамының құқығын қорғаумен айналысатын 1300-ге жуық ұйым бар екен.

ЕРІК НҰРАҚАЕВ, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– Биыл 11 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Әлеуметтік серіктестермен бірлескен жұмыс 3 бағытта жүргізілуде. Олар: жалақыны көтеру, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру мен ұйымның ұжымдық шарттарын сапалы мазмұнмен толықтыру. Атқарылған жұмыстардың тиімділігін орташа жалақының өсуі дәлелдейді.

Жиынға Петропавл электртехникалық зауытының директоры Ерсұтан Шәмшиев те қатысты. Бизнесмен “Компанияның ең басты құндылығы жұмысшылар”, – дейді. Кәсіпорында 150-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта жұмысшыларға арналып 10 жылға дейін жеңілдетілген несиемен берілетін 104 пәтерлі тұрғын үй кешені салынуда.

ЕРСҰЛТАН ШӘМШИЕВ, «Петропавл электртехникалық зауыты» ЖШС директоры:
– Зауыттағы қызметкерлер үшін бірегей әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Заманауи асхана мен демалыс орындары бар. «Alageum Electric» компаниялар тобы әр кезеңде қызметкерлерді қажетті жағдайлармен қамтамасыз етеді. «Петропавл электртехникалық зауыты» жұмысшылары үшін 39 пәтерлі 5 қабатты үйді қайта жаңартты. Осы жылдың сәуір айында осы үйге 56 жұмысшы жайғасты. Оның 30-ы – отбасылы адамдар.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өңірдегі жұмыс сапары барысында бірнеше кәсіпорынды аралап, еңбек ұжымдарымен әңгімелескен.

САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
– Біз Әділетті Қазақстан құру жолындамыз. Кәсіподақтар үшін бұл ұғымның маңызы айрықша. Кәсіподақтар, жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлесе жұмыс істесе, қайшылықтар болмайды, тек жетістіктер ғана болады. Бұған зауыттар мен кәсіпорындарды аралау кезінде көз жеткіздім.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, өңірдегі кәсіподақтар мен жұмыс берушілер тығыз әріптестік орнатқан. Мұндай ынтымақтастық өз кезегінде өнімнің сапасына және еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді.

https://mtrk.kz/kz/2022/09/08/Onirde-biyl-aleumettik-ariptestik-aya/