aqtobegazeti.kz: “Басты мақсат — еңбек адамының мүддесін қорғау”

Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:

Кәсіподақ ұйымдары өз мүшелерінің, яғни қарапайым еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын әрдайым назардан тыс қалдырмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын тыңдағанда да, біз осыған баса назар аудардық.

Берекелі қоғам дегеніміздің өзі — халықтың әл-ауқатын, әлеуетін арттыруды мақсат тұтқан, ынтымақ-бірлігі жарасқанқоғам.Біздің қоғамның басты құндылығы — адам. Біз, кәсіподақ жетекшілері, еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғауға атсалысып, еңбек дауларының алдын алу, саяси реформаларды жүйелі іске асыруға қолдау таныту мақсатын ұстанамыз. Облысымызда жыл басынан бері ірі кен орындарының,яғни өндіріс саласындағы жұмысшылардың жалақысы біраз өсті. Кәсіподақтардың қолдауымен, әлеуметтік әріптестік аясында, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек.

Жолдауда Президент еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы екенін атап айтты. Сонымен қатар ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды.Бұл еліміз бойынша 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып отырғандар үшін жұмысынан айырылуына байланысты төлемақы енді айлық табыстың 45 пайызына дейін көбейтіледі.Бұл — мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық.

Жолдауда еңбекпен қамту, соның ішінде жастарға жұмыс беру басты назарда ұсталатын мәселенің бірі ретінде аталды. Халқымыз, әсіресе, жастарымыз табысқа жету жолында кәсібилік пен еңбекқорлықты ту етіп ұстанады деп сенеміз. Ал кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының мүддесін әрдайым бәрінен жоғары ұстайды.

https://aqtobegazeti.kz/?p=118120