Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумының еңбек ресурстары және сервистік қамсыздандыру жөніндегі директоры Давиде Маццуккеллимен кездесті. ҚРКФ төрағасы компания басшылығының өкілдерімен және кәсіподақ көшбасшыларымен 2020 жылдың ақпанында қол қойылған Корпоративтік әлеуметтік келісімді жүзеге асыру мәселелері бойынша еңбек консультацияларын өткізді.
Еске салайық, Корпоративтік әлеуметтік келісім шетелдік қатысуы бар ірі компания – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) Консорциумы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың негізгі құжаты болып табылады.
«Бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бүгінде жаһандық тренд болып табылады. Ол БҰҰ Жаһандық шартында бекітілген. Біз корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір құралы ретінде қарастырамыз. Келісімнің еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудағы ерекше маңыздылығын және біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын жүзеге асыруда бизнестің күш-жігерін әрқашан қолдайтынымызды атап өткім келеді. Бұл келісім әлеуметтік-еңбек саласындағы, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясында ұжымдық шартты әзірлеудегі ынтымақтастықтың негізі болып табылады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде ҚПО-ның еңбек ресурстары және сервистік қамсыздандыру жөніндегі директоры Давиде Маццуккелли компания басшылығы мен кәсіподақтар арасында қол қойылған ұжымдық шарттың негізгі нормаларына тоқталды.
«Құжатта еңбекақыны индексациялау, еңбекке жарамсыздық парағын көбейтілген мөлшерде төлеу, көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсету, санаториялық-курорттық емдеуді төлеу айқындалған. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлердің жалақысының өсімі 21 пайызды құрайтын болады», – деді Давиде Маццуккелли.
ҚПО-дағы қызметкерлер саны 4076 адам, оның ішінде қазақстандық қызметкерлердің үлесі 95% (3878 адам). Кәсіпорында бірден үш кәсіподақ ұйымы бар, оның екеуі ҚРКФ мүше ұйымдары. Мүшелердің жалпы саны – 1840 адам.
Компанияның кәсіподақ көшбасшылары атап өткендей, әлеуметтік әріптестер ұжымдық шартты әзірлеумен бірлесіп айналысып, әлеуметтік кепілдіктерді дамытуға баса назар аударды. Мәселен, қолданыстағы ұжымдық шарт бойынша: мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлердің отбасыларына 200 000 теңге мөлшерінде жыл сайынғы көмек, компанияның мүгедек қызметкерлерінің өздеріне – қызметкерлерге ай сайын 30 000 теңге мөлшерінде жаңа төлем белгіленді; компанияның әйел қызметкерлеріне бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері 250 000 теңгеден 400 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, ҚПО қызметкерлері үшін пайызсыз аванстық төлем мөлшері 2,5 есеге – 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, жыл басынан бері компанияның бірнеше жүздеген қызметкері ұжымның бұл нормасын пайдаланып үлгерді.
Сатыбалды Дәулеталин ҚПО әлеуметтік әріптестерге қолданыстағы ұжымдық шарттың әлеуметтік бағдары үшін алғыс айтып, ұжымдық шартқа қол қою кезінде шетелдік қатысуы бар компаниялар Қазақстанның еңбек заңнамасын сақтауға міндетті екенін еске салып, ҚПО басшылығы алдағы уақытта да заңнамалық нормаларды сақтайтынына, ал әрбір келесі ұжымдық шарт Консорциум қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын жүйелі түрде жақсартуға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған «еңбек консультациялары» акциясына келетін болсақ, оның негізгі мақсаты – әлеуметтік әріптестер арасындағы ашық диалог. Бұл екіжақты бірлескен консультациялар, екіжақты ақпарат алмасу арналарының бір түрі. Бір жағынан жұмыс беруші кәсіподақтарға өндірісті басқару мәселелеріне қатысты мәліметтерді жіберсе, екінші жағынан кәсіподақтардан еңбек жағдайларына қатысты ақпаратты алады. Бірлескен консультациялар жүйесі еңбек дауларының алдын алуға және еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленісті төмендетуге ықпал етеді.
ҚРКФ мен ҚПО басшылары арасындағы еңбек консультациялары Корпоративтік әлеуметтік келісімге қол қойылғаннан бері алғаш рет өтті.
Бүгін консультация аясында тараптар жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын сақтау және қорғау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбекті қорғауды, қызметкерлердің денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін көрсетті.
Айтпақшы, ҚПО мен ҚРКФ арасында қол қойылған Корпоративтік әлеуметтік келісім – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы бірегей оқиға.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы