Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Міне бүгінгі айдардарымыз білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мамандық иесі жайлы болмақ. Осы шығарылымда қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, өз ісінің шебері – Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Сұлтанбек Раушан Тастанқызы туралы айтқымыз келеді.
Раушан Тастанқызы 1967 жылы 15 шілдеде Оңтүстік қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Бабайқорған ауылында дүниеге келген. 1974-1984 жылдары Оңтүстік қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Бабайқорған ауылындағы «Күйбышев» атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1984-1989 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ Химия-Технологиялық институтын бітірді. 1993-1998 жылдары Қазақ Химия-Технологиялық институтында кітапханашы. 2001-2004 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ кітапханатану және библиография мамандығын алды. 2001-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық Гуманитарлық-экономикалық колледж кітапханашысы.
2003 жылы ОККЖ кітапханашы қызметіне қабылданды. 2003-2005 жылдары Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде №11 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі, өнер секторының меңгеушісі болып қызмет атқарған. 2005-2015 жылдары Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің жетекші әдіскері болған. 2015 жылдан Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ, 2009 жылдан бері бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстарды атқарады. Ұжым арасында беделді, қызметкерлердің мұң-мұқтажына, орынды уәждеріне қашанда құлақ түріп, қолынан келген бар көмегін беруге аянып қалмайды. Кейіпкеріміз бүгінде 1 қыз, 2 ұл, 4 немере тәрбиелеп отыр.