Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында аймақтағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы мәселе қаралды. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров хабарлады.
Бас еңбек инспекторы «Атырау Жарық» АҚ қарасты Жылыой электр жүйесінің 121 жұмысшының басшылыққа жалақыны 100 процент, «Матен Петролеум» АҚ жұмысшыларының жалақыны 50 процентке көтеру жөніндегі талаптарының әлі оң шешім таппағанын айтып, ұжымдарда қоғамдық ахуалдың тұрақсыз және жұмысшылардың ереуілге шығу ықтималы қалыптасқандығын жеткізді. Аталған мәселе бойынша тиісті кәсіпорындар өкілдері түсінік берді.
Үшжақты комиссия отырысында бекітілген Жол картасына сәйкес «Теңізшевройл» ЖШС мердігерлік ұйымдарынан босатылатын қызметкерлерді жұмыспен қамту бойынша нақты қабылданған шаралар туралы «Теңізшевройл» ЖШС өкілі Ербол Жұмағазиев баяндады. Оның айтуынша, қызметкерлерді жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына қарай жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында мұнда 7108 адам жұмыстан босатылған, 2771 адам ауыстырылып, екі мыңға жуығы өз еркімен жұмыстан шығарылған. Барлығы он екі мыңдай адам құрайды. Ал, тамыз-қараша аралығында болжам бойынша тағы да 8,3 мың, жыл аяғына дейін барлығы 27 мың адам жұмыссыздар армиясы қатарын толықтырмақшы екен. Компания өкілі ТШО-ның Атырау және Маңғыстау облыстарында кәсіби-техникалық оқыту бағдарламасына сәйкес аймақтың мыңнан астам тұрғынын оқыту көзделгенін жеткізді.
Отырыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсына қатысушылардың өтінімдерін қарауды қамтамасыз ету, ұсынылған үміткер-кәсіпорындардың қызмет нәтижелері мен мүмкіндіктерін сипаттайтын өлшемдер бойынша қорытынды шешім туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов хабарлама жасады.
Биыл «Парыз» конкурсына қатысуға 17 ұйым ниет білдіріп отыр екен. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының Гран-при – жоғары наградасына жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген кәсіпорындар ұсынылып отыр. Олардың қатарында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясын, «ККТС» ЖШС, «Үздік ұжымдық шарт» аталымына «Теңізшевройл» ЖШС, «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымына «Вест Дала» ЖШС және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-і сынды үміткер-кәсіпорындар бар.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай өңірлік үшжақты келісімге жалақыны индекстеу тәртібін енгізуді мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, жыл сайын алдағы жылдың бюджеті жасақталған кезде жұмыс беруші еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, сонда еңбекақыны қанша мөлшерге көтере алатындығын, еңбекақы төлеу қорына қанша ақша бөлінетіндігін жұмыс берушінің қаржылық жағдайын ескере отырып, көтеруді енгізсе, тәртіп те орнайды, еңбек дауларын болдырмауға да мүмкіндік туады.
Үшжақты комиссия отырысын қорытындылаған аймақ басшысы жергілікті кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жалақыға қатысты дау-дамайдың алдын алу мен оларды ушықтырмай реттеу, сондай-ақ, жұмыстан қысқарған адамдарды жаңа мамандықтарға қайта оқыту, жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктерін қарастыру туралы ойларын ортаға салды. Ол тиісті басқармалар мен кәсіпорындар басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.