Бекітілген жоспарға сәйкес «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
Аталған мекемені Асылбек Умаралиев басқарады және мекемеде 163 еңбеккер жұмыс істейді. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігіне кіреді.
Кездесуде сөз алған Бердіғали Өмірәлі: «Бастауыш ұйымдарға қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен тікелей «кері байланыс» жүйесін құру үшін Кәсіподақтар федерациясы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» атты акциясын өткізуде. Акцияның мақсаты еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға, еңбеккерлердің әлеуметік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғауда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қатынастарын реттеу және тағы басқа өзекті мәселелерді шешу мүмкіндіктерін арттыру болып табылады. Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Қоғам байлығы – еңбек адамы десек, қоғамдағы әділеттілік – қоғам дамуының кепілі. Бүгінде кәсіподақ – мемлекет пен жұмыс берушіге тәуелсіз, жалдамалы жұмыскерлердің экономикалық мүдделерін, құқығын ұжымдық шарт арқылы қорғайтын қоғамдық ұйым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолдарын қамтитын 5 бағдары кәсіподақтардың басты міндеттерімен үндеседі. Соның ішінде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі Кәсіподақтар федерациясының әртүрлі алаңдарында бастама көтергенінің арқасында жеткен жетістіктерінің бірі. Осы ретте кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмысымызды алдағы уақытта да жандандыра береміз», – деп өз сөзін аяқтады.
Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестер ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жарияланған «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында бірлесіп атқарылатын мәселелерді талқылады.
Жиын соңында кәсіподақ мүшелерінің сұрақтары тыңдалып, оларға тиісті жауаптар берілді.