Жаңа Қазақстанның жас өрендерін білімге құштар, ғылымға ынтық, өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеуді мақсат еткен ұстаз- мамандығына адал, өз ісінің шебері.
Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы — ұстаз қолында. Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер- бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондай ұстазға жүктелетін өте ауыр міндетті абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – Насамбаева Жанар Темірханқызы.
«Көк жүзіне алаулы
Міндет емес-ай болу.
Ең бастысы-қалаулы
Кәсібіңе сай болу»-деген қадірлі Қадыр ақынның өлең жолдарын өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған педагог-зерттеуші Шалқар ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ-де 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Ақынжанды, шығармашыл, ізденімпаз, білім, өнер, спортты ұштастырған сегіз қырлы, бір сырлы жанның шәкірттерге берер өнегесі мол. Қазақ тілі мен әдебиеті және өзін-өзі тану пәні мұғалімі ретінде қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін санамалап айтып шығу мүмкін емес. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу – ерекше қиын іс.
Жанар Темірханқызы – әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеп, ізденуден жалықпайтын ұстаздық парызын адал өтеп жүрген педагог.Қазақ әдебиеті пәні бойынша оқушысы республикалық ғылыми жоба конкурсында І орын иеленсе, 2018 жылы өзін-өзі тану пәнінен шәкірті Г.Талмағанбетова республикалық пәндік олимпиададан 1-орын жүлдегері атанып, 2022 жылы осы жетістікті оқушысы Ұ.Дайрабай қайталады.
Құстың қос қанатындай екі пәнді де қатар алып, мәртебесін биік, абыройын асқақ етіп жүрген ізденімпаз Жанардың, әсіресе, өзін-өзі тану пәніне сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге болады. «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» деген қағиданы берік ұстанған ол іргесі енді қаланып жатқан пәннің кабинетін жабдықтап, 2012 жылы облыстық конкурстан 1-орын иеленді. Облыс, республика көлемінде ғылыми баяндамаларымен бөлісіп, «Мәңгілік Ел» бағдарламасын сабақта қолдану, пәндерді интеграциялау жайында шебер-кластар ұйымдастырды, семинар, конференцияларда өткізген бірнеше «жанды сабақтары» әріптестеріне үлгі болды.
Оқушы, ата-ана, әріптестің ілтипатына бөленген ұстаздың 2015 жылы «Қазақ тілі мен әдебиетін өзін-өзі тану пәнімен ықпалдастыру» атты әдістемелік құралы облыс көлемінде, 2018 жылы «Рухани құндылықтың негізі- өзін-өзі тану» тақырыбындағы әдістемесі ISBN санымен республикаға таратылды. Бірнеше кәсіби байқауларда сынға түсіп, «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсынан 2-орын, республикадан сертификат (2018 ж.), «Өзін-өзі тану пәнімен интеграцияланған сабақ жоспары» конкурсынан 1-орын (2019 ж.), «Үздік өзін-өзі тану мұғалімі» байқауында 1-орын (2021 ж.) иеленіп, шеберлігі мен шығармашылығы ұштасқан жан екендігін дәлелдеп келеді. Оқушыларының шығармашылығы, өзінің тәжірибесі облыстық, республикалық басылымдарда жарық көруде. Сондай-ақ, пандемия кезінде өз бетінше онлайн сабақтар түсіріп, жеке каналына өзінің шығармашылық жұмыстарын қоса жүктеп, Тараз, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарындағы әріптестері ерекше ықыластарын білдірді.