Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК) мүшелерінің ІІ отырысы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өзінің әріптестері – Тәжікстан мен Моңғолия ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясының (МКК) жетекшісі Эрдэнэбат Сухбаатарды Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесіне МКК-нің кіруімен құттықтады.
Қазіргі уақытта МКК 450 000-ға жуық еңбеккерді біріктіретін Моңғолиядағы ең ірі кәсіподақ орталығы болып табылады. Оның құрамына 14 салалық және 22 аймақтық кәсіподақ бірлестіктері кіреді. Тараптар Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясындағы алдағы бірлескен жұмыс туралы пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды жайында келісті.
Сатыбалды Дәулеталин тәжік әріптесі, Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзодамен де ОАЕКК аясындағы және Қазақстан мен Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы өз еліндегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі болып табылады және оның құрамына жалпы саны 900 мың адамды құрайтын 17 салалық және 4 аумақтық кәсіподақ бірлестігі кіреді.
Еске салайық, ағымдағы жылдың 21-23 қыркүйек аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мүшелерінің екінші отырысы өтіп жатыр, онда Кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен Ұйымның бас хатшысы болып қазақстандық кәсіподақ көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы