Рахымбеков Айтбай Жапарұлы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Техникалық ғылымдар жоғарғы мектебінің ф-м.ғ.к., доцент, қауымдастырылған профессоры, Балтық Педагогикалық Академиясының мүше-корреспонденті.
Рахымбеков Айтбай Жапарұлы 1953 жылы 14 маусымда Алматы облысы, Гвардия ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Қаспан орта мектебін үздік бітіріп, Д.И.Менделеев атындағы Москва химия-технологиялық институтына түсіп, денсаулығына байланысты Қазақ химия-технологиялық институтына ауысып, оны 1977 жылы «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша тәмәмдап, «Инженер-химик» квалификациясы бойынша үздік бітіріп шықты. 1986 жылы Ленинград қаласындағы Ресей ғылым академиясының А.Ф.Иоффе атындағы физико-техникалық институтында 01.04.10 «Жартылай өткізгіштер және диэлектриктер физикасы» мамандығы бойынша «Жартылай өткізгіштердегі оттегі құрамын қатты тотықты супериондық өткізгіштермен басқару» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, Талдықорған педагогикалық институтының жалпы физика кафедрасының аға оқытушы қызметіне алынды.
А.Ж. Рахымбеков 1990–1995 жылдары жалпы физика кафедрасының меңгерушісі қызметіне сайланды, осы уақытта оның басшылығымен физика-математика факультетінде алғаш рет ғылыми-зерттеу зертханасы ұйымдастырылып, жаңа ғылыми «Қатты тотықты суперионды өткізгіштерді зерттеу», «Металл-жартылай өткізгіштегі фазалық алмасу құбылысын зерттеу» бағыттарында жұмыстарды тез дамытып, Республикалық мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын грантын жеңіп алды. Кафедраның халықаралық ғылыми байланыстары Ресейдегі Москва, Ленинград қалаларының әйгілі жоғарғы оқу орындарымен, А.Ф. Иоффе атындағы физико-техникалық институтымен тығыз дамып көтерілді, өзінің ғылыми жетекшісі Ресей ғылым академиясының академигі, Нобель сыйлығының лауреаты, Ж.И. Алферов, академик Б.П. Захарченя, профессорлар М.В.Ведерников, Ю.М. Гербштейн, Н.Е. Тимощенко сияқты ғалымдар шақырылып, біздің білімгерлерге арнап дәрістер оқылды. Жалпы физика кафедрасына А.Ж. Рахымбековтың ықпалымен «Молекулалық», «Электродинамика», ғылыми-зерттеу зертханаларына алғашқы рет электрондық зерттегіш құралдар, вакуумдық технология бойынша арнайы жартылай өткізгіш қабыршықтар алатын Беларусиядан күрделі тұрғылар ВУП-5 алынып, оқу үрдісіне енгізілді.
Айтбай Жапарұлы 1996–1997 жылдары физика – математика факультетінің деканы болып сайланды, осы уақытта факультеттегі шаруашылық келісім шарттар бойынша атқарылатын, өз-өзін қаржыландыратын ғылыми жұмыстар тез дамыды.
Рахымбеков Айтбай Жапарұлы қазіргі уақытта І.Жансүгүров атындағы ЖУ-нің Техникалық ғылымдар жоғарғы мектебінің доценті (қауымдастырылған профессоры), Ресей жаратылыстану академиясының құрметті ғылым докторы, профессоры, Балтық педагогикалық академиясының мүше-корреспонденті.